Якоб Фульсанг Этна жанартауында 5-нәтиже көрсетті

1219

Екі шабандозы жарысты мерзімінен бұрын аяқтағанына қарамастан "Астана Про Тим" шабандоздары италиялық суперкөпкүндікте лайықты өнер көрсетуде.

Якоб Фульсанг Этна жанартауында 5-нәтиже көрсетті

"Джиро д'Италияның" тау баурайында аяқталған кезеңі өтті. 3-кезең қиындығы бірінші дәрежелі шыңда, атақты Этна жанартауыныың баурайында мәресіне жетті. Қазақстандық "Астана Про Тим" командасының капитаны Якоб Фульсанг бабының жақсы екенін көрсетіп, кезеңде 5-орынға ие болды және италиялық суперкөпкүндіктің жалпы есебінде 9-орынға көтерілді.

"Менің ойымша жарыс күні жаман өткен жоқ. Финалда шабуылдар өте көп болды. Өзімді жақсы сезіндім және шабуылдардың әрқайсысына ілесіп отырдым. Кезең басталғанда Герант Томастың құлап қалғаны өкінішті. Ауа-райы да күрт өзгеріп кетті. Желді күндерден соң бүгін жаңбыр жауды. Команда бүгінгі кезеңде өте керемет өнер көрсетті. Әсіресе, Мануэле Боаро маған көп көмектесті. Соңғы екі күнде біздің жолымыз болмады. Себебі біз ең мықты деген екі шабандозымызды жоғалтып алдық. Бүгінгі күн расымен де жақсы өтті", - деді Якоб Фульсанг.

3-кезең Энна қаласынан басталып, 150 шақырымнан кейін Этна баурайында аяқталды. 8 шабандоз көшбасшы топ құрып, олар кезеңдегі жеңіс үшін таласқа түсті. Нәтижесінде Эквадор чемпионы Джонатан Кайседо жеңіске жетті.

"Астана Про Тим" кезеңді жақсы өткізді. Тамаша командалық жұмысты көрсетті. Асу алдында Мануэле Боаро Якоб Фульсангқа алдыңғы шепте қажетті позиция иеленуге көмектесті. Ал кейін асуға жеткенде Оскар Родригес пен Фабио Феллине қазақстандық команданың капитанына қолдау көрсетті.

Негізгі топ шағын көшбасшылар тобына дейін қысқарған соң Якоб Фульсанг шабуылға шықты. Оған тек бірнеше шабандоз ғана ілесті. Нәтижесінде Фульсанг мәреге кезең жеңімпазынан 51 секундтан кейін, 5-болып келді және жарыстың фавориттері арасынан бірінші болып аяқтады. Осы көрсеткіштің арқасында Якоб Фульсанг "Джиро д’Италияның" бас классификациясы бойынша 9-орынға көтерілді.

Бүгін "Джиро д’Италияның" 4-кезеңі өтуде. Катаниядан басталатын жарыс жолы Виллафранко Тирренада аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу