"Яндекс.Такси" мен таксишілердің елді қалай алдайтыны анықталды

11328

Жан-жақтан қысым көрген таксишілер қандай қулыққа басқанын әңгімелеп, алдау схемаларынан сақтандырды. 

"Яндекс.Такси" мен таксишілердің елді қалай алдайтыны анықталды Фото: freepik

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда такси қызметінің тарифі тағы қымбаттады. 2024 жылдың мамыр айының қорытындысында оның бағасы 11,7% өсті.

Өткен айда бұл сектордағы ең салмақты қымбатшылық Алматы тұрғындарына соққы болды: бірден 31,3%-ға көтерілді. Ақтөбеде де такси бағасы 22,1% ұлғайып, қолжетімсіз бола түсті. Батыс Қазақстан облысында таксимен жету "сән-салтанатқа" айнала бастағандай: тарифі 21,3% жоғарылады.

Такси қызметі қатты қымбаттаған өңірлердің бестігіне сондай-ақ Шымкент (16,9%-ға) және Ақмола облысы (13,5%-ға) кірді. Өзге барлық өңірде баға өскен.

Нәтижесінде, Numbeo порталының дерегінше, бүкіл ТМД елдері ішінде Қазақстан – такси тарифі ең жоғары елге айналды. Салыстырсақ, Арменияда таксимен жүру аса арзан: 1 шақырым жол орта есеппен 0,28 долларға (немесе 130 теңгеге) түседі. Өзбекстанда – 0,29 доллар, Украинада – 0,3 доллар, Беларусьте – 0,31 доллар, Ресейде – 0,34 доллар, Әзербайжанда – 0,59 доллар, Қазақстанда – 0,67 доллар.

Energyprom мониторинг агенттігінің дерегінше, 2024 жылғы қаңтар-сәуірде такси елімізде 21,2 миллион жолаушыны тасыған екен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 8,6% көп.

Таксимен жолаушы таситын компаниялар биылғы төрт айда 2,8 миллиард теңге табыс тапқан. Салыстырсақ, былтырғы ұқсас кезеңдегі табысы 1,8 млрд теңге ғана болған. Табысы көл-көсір: 53,8%-ға өсіпті. Бұған олар тарифтерін қымбаттату арқылы қол жеткізуі мүмкін.

Айта кететін жайт, "Яндекс.Такси", inDriver сияқты такси агрегаторларының ұрандары бірдей: "жол ақысын жолаушы белгілейді". Бір қарағанда, әділетті: қалтаңызда қанша қаржы болса, немесе жолақысын қалай бағаласаңыз, сонша ғана шығын шығарасыз.

Бірақ шынында олай емес. Мысалы, бас қаланың көшесінде, жол бойында қол бұлғап, жүргізушімен келісіп, бес жүз теңгеге жетіп қалуға да болады. Такси сервисінде де клиент 500 теңге баға белгілей алады. Алайда оған келісетін таксишіні табу мұң. Бір сағат күтсеңіз де, бірде бір таксиші үн қатпауы мүмкін.

"Сол бес жүзге де тасыр едік, бірақ біздің тапқанымыздың үлкен бөлігін "Яндекс.Такси", Индрайвер алып қояды. Мен мысалы, екеуінде қызмет көрсетемін. Жаманы сол, сервис жеке көлігімен жолаушы тасып, табыс тапқысы келетін жеке адамдардың бәрін әлдебір таксопарктерге тіркейді. Талабы сондай. Бірақ мен ол таксопарктің қызметкері емеспін, оның өкілдерімен өмірі кездескен емеспін, соған қарамастан, менің күні бойы зыр жүгіріп тапқан барлық табысымның 4 пайызын таксопарк алып қояды. Олардың артында мықты тірегі барлар, ықпалды тұлғалар тұр дейді, Үкіметтің де тісі батпаған. Содан ол делдалдар таксистерге еш көмек көрсетпей, жолай тегінен тегін комиссиясын қырқып алуда", - деп ашынады таксиші Вадим Баженин (тегі өзгертілді).

Оның айтуынша, жан-жақтан (агрегатордан, таксопарктен және жолаушылардан – сапар үшін нашар баға қоятындар және шағымданатындар көбейген) қысым көрген кейбір таксишілер алаяқтыққа бара бастапты.

Мысалы, "FakeGPS" сияқты арнайы бағдарламалар қояды: ол машинаның координаттарын ауыстырады. Агрегатор көліктің қалталы азаматтар тұратын шағынауданда аялдағанын көріп, тапсырысты да соған ұсынады. Шын мәнінде, бұл кезде таксист басқа көшеде келе жатуы немесе асханада түстеніп отыруы мүмкін.

Немесе жүргізуші клиент шақырған мекенжайға жетпесе де, "күтіп тұрғанын" көрсетеді. Сөйтіп, тегін күту уақыты қысқарады. Жолаушы тез жиналып, машинаға жетіп үлгермейді. Нәтижесінде, таксиші ақылы күту үшін жолаушыдан көбірек ақша алады.

Жолаушылармен ымыраласып, агрегаторды алдайтын таксишілер де табылады екен: клиент түрлі себеппен тапсырысынан бас тартады, бірақ шынында шақырған таксиімен көздеген жеріне жетіп қалады және жолақысын жүргізушіге қолма-қол төлейді.

Такси шақыру сервистерінің қызметін жиі пайдаланатын қазақстандықтар басқа да қулықтарға куә болған болар?

Таяуда Inbusiness.kz Премьер-министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа сілтеме жасап, "Яндекс.Такси" жолаушылар үшін жаңартылған "Бірге" тарифін енгізгенін хабарлады. Ол жұмысы шұғыл емес адамдарға таксиге деген сұраныс шырқау шегіне жететін кезеңдерде төмен бағамен тапсырыс беру мүмкіндігін ұсынады. Яғни, асықпайтын, бірақ әйтеуір көздеген жеріне жетіп қалуды қалаған адамдар осы тарифпен тапсырыс берсе, басқа жолаушыны апара жатқан такси оған жолшыбай соғып, алып кетеді.

Бұл тариф 5-тен 40%-ға дейін қаржы үнемдеуге жол ашады екен. Үкіметтің бас экономисінің айтуынша, 2024 жылдың бірінші тоқсанында осы тариф бойынша шамамен 4,5 миллион сапар жүзеге асырылды.  

Таксиші Вадим бұл тариф әріптестерінің жолаушылармен қақтығысын ушықтырғанын айтады.

"Жолаушыларыма үнемі ілтипатпен қарауға тырысамын, жиі күлімсіреймін, күлкілі жайттарды айтып, күлемін. Қабақ түйіп, тымырайып, томсырап отырып алмаймын. Сонда да белгісіз біреулер шағым түсіріпті. Содан "Яндекс.Такси" бір рет мені бұғаттап тастады. Базбіреулер төмен баға қою үшін салонға отыра сала мін іздейтін сияқты. Биылғы жылдың жаңалығы – "Бірге" тарифі жүргізуші мен жолаушылар арасындағы қырғи-қабақ қатынасты тек ушықтырды. "Бірге" дегеніміз жолшыбай қосылған бірнеше жолаушы деген сөз. Олар жолай бір-бірімен сөзге келіп, қырылысуы мүмкін. Салон ішінде видеофиксация жасалады, төбелестің қажеті жоқ. Оларға басу айтуға, тентек-телісін шығарып жіберуге тура келеді", – деді В.Баженин.

Салдарынан, жолаушылар саны көп болған сайын, шағым да көп болады.

Бүгінде "Яндекс.Такси" жүргізушілері ретінде 200 мыңнан астам адам тіркелген. Соның 50 мыңнан астамы үшін бұл – негізгі табыс көзі. Қалған 150 мың жүргізуші үшін жолаушылар тасымалы – бос уақыттағы қосымша табыстың қайнары. Осының өзі қазақстандықтардың негізгі жұмыс орнындағы жалақысы сапалы өмір сүруіне жетпейтінін паш етеді.

2023 жылғы 20 сәуірде қабылданған Әлеуметтік кодекс аясында Еңбек министрлігі "Платформалық жұмыспен қамту" тетігін енгізді. Оның бір операторы – дәл осы "Яндекс-Такси". Аталған тетікке сәйкес, елімізде интернет-платформаларды, сервистерді, платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсететін немесе жұмыстарды орындайтын адамдар үшін операторлар зейнетақы жарналарын, медсақтандыру жарналары мен аударымдарын, салықтарды бюджетке аударып отырады.

Бірақ жалғыз табысы – жолаушы тасымалы болып табылатын Вадим медсақтандырылмағанын, зейнетақы қорына да жинақ түсіп жатпағанын жеткізді.

Таксишілер кейбір жолаушының алдауға үйренгеніне шағымданады. Жолақысын шығып бара жатып төлейтіндіктен, таксишінің қолына жалған ақша, тіпті дүкендерде сатылатын "ойыншық" теңгені сұға салатындар кездеседі екен. Сондықтан жүргізушілер бергенді қалтасына тыға салмай, мұқият бір шолып шыққаны жөн.

Қазақстандықтар сақ болғаны жөн, көрші Ресейде "Яндекс.Такси" қосымшасын пайдаланушы жолаушылар келесі алаяқтық схеманы қолдана бастаған: электронды түрде жолақысын шын мәнінде аудармайды. Алайда "қаржының аударылып кеткеніне" арсыздықпен табандайды. Бұрынғы сапар ақысының төленгенін растайтын ескі "скриндерді" көрсетеді. Тіпті Telegram-да ақының төленгенін көрсететін жалған түбіртекті жасап беретін арнайы бот пайда болған.

Таксиші ақының түспегеніне оның көзін жеткізгісі келсе де, жүргізуші қолын бір сілтеп, жанжалдасқан күйі көліктен шығып кетеді.

Тағы бір жалтару схемасы таралған: "Ұялы телефонымның батареясы отырып қалды. Мен сізге үйден аударамын!" деп тайып тұруға талпынады.

Таксишілер агрегатордың да алдайтынын айтады. Мысалы, клиент жолақысын жүргізушіге көрсетіп тұрып аударуы мүмкін, бірақ жүйеде ақау болса, клиенттің шоты "минусқа" кетсе, ақша дер кезінде түспейді. Ізінше жолақысы төленгенімен, агрегатор әрдайым жүргізушіге ол төлемін өтеп, ақшасын аудара бермейді екен.

Агрегатор ұсынатын бонустар мен мақсаттарға жету шын мәнінде күрделі. Мысалы, қысқа уақытта шартты алғанда 75 тапсырысты орындауы керек. Содан дұрыстап демалып, асықпай тамақтану мұңға айналады. Жүргізушілердің көлік басқарып келе жатып тамақ жейтіні содан. Бонус алу үшін қажетті шарттарды орындағанымен, ол қаражат түспеуі де мүмкін екен. Оны сұрап, агрегаторға жазса, әлдебір талаптарды орындамағанын айтып, сылтау табатын көрінеді.

Сол сияқты кейде жолаушылар дән риза болып, қосымша арқылы жолақысын артық төлеп, "шайлық-чаевые" қалдырады. Шынында, ол қаржылай ризашылығы жүргізушіге жетпеуі мүмкін.

Жалпы, таксишілердің айтуынша, агрегаторға тіркелген жүргізуші соның "құлдығына" түсіп қалады: үнемі бес деген баға алып жүруі керек. Басқа бағалар тек рейтингті түсіреді, "1" деген баға рейтингті күйретеді.

Мемлекет тарапынан жете реттелмеген соң, саланы алаяқтық жаппай жайлай бастағандай. Мысалы, тарифті қымбаттату үшін таксишілер ымыраласып, қосымшадан бір мезгілде шығып кетеді. Желіде машиналар саны тапшы екенін көріп, сервис бағаны автоматты түрде көтереді. Осылайша, елде такси қызметінің тарифі тек өсе бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу