Ярослава Шведова: Елдің қолдауын сезіну – үлкен бақыт

808

Қазақстан құрамасы 14-15 сәуірде Beeline Arena ұлттық теннис орталығының топырақ төсенішіндегі кортында Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңінде Польша командасымен матч өткізеді.

Ярослава Шведова: Елдің қолдауын сезіну – үлкен бақыт

Кездесуге Қазақстан құрамасы қалай дайындалмақшы? Алдағы мақсат-міндет қандай? Осыған орай Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова ҚТФ баспасөз қызметіне сұхбат берді.

- Ярослава, алдағы матчтың маңыздылығы сондай, Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен жағдайда өз тарихында екінші рет әйелдер арасында командалық әлем чемпионының финалдық кезеңіне шығады. Әрине, өз алаңымызда ойнайтындықтан, қазақстандық теннисшілерге қолайырақ шығар, дегенмен қарсыласты бағаламауға болмайды ғой?

- Иә, әрине, қай қарсылас та алдына үлкен мақсат қояды. Сондықтан қапы қалмау кім-кім үшін де маңызды. Сол себепті біз Астанада ойын басталмастан бір апта бұрын жиналуды көздеп отырмыз. Орталық кортта топырақ төселді, онда матчтарға бәрі дайын. Бізде кортқа бұрынырақ бейімделіп, жақсылап дайындалуға мүмкіндік болады.

- Алдағы бәсекеге ойыншылар қандай жағдайда келгелі отыр?

- Баптары жақсы. Маусымды табысты бастап, Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетіп, Индиан-Уэллсте мастерс жарысын ұтқан команда көшбасшысы Елена Рыбакинаның жетістігі қуантады. Ол Майамиде де табысты ойнап жатыр. Анна Данилина мен Юлия Путинцева топырақ төсенішінде әдеттегідей тамаша ойнауы керек, әсіресе, Юлия топырақ төсенішінде керемет өнер көрсете алады. Сондай-ақ команда жаңарып, Гөзал Айнитдинова мен жастар сапынан Жанель Рүстемова алынды. Қыздарға қосалқы ойыншы ретінде Аружан Сағындықова көмек көрсететін болады. Жанель мен Аружан – біздің болашағымыз. Біз олардың негізгі ойыншылардың қатарына қосылуын қалаймыз.

- Қарсыласты жақсы зерттедіңіз бе? Польшаның күші неде?

- Польша құрамасы – тәжірибе мен жастық ұштасқан тісқаққан команда. Олардың әлсіз жақтарын да зерттеп, ізденетін боламыз. Жеребе өткен жылы оңынан түсіп, іріктеу кезеңінде Германиямен матчты елордада өткіздік, енді тағы да Астанада ойнаймыз. Тек жеңіс үшін бар күшімізді салатын боламыз және сүйікті жанкүйерлеріміздің күшті қолдауын күтеміз.

- Жарақатына байланысты әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек келмейтін болды – бұл біздің табысқа жетуімізге жол аша ма?

- Ига – көшбасшы, жоғары деңгейдегі ойыншы, әлемнің бірінші ракеткасы. Әрине, ол келгенде, қиын болатын еді. Бірақ Билли Джин Кинг кубогі командалық әлем чемпионатында рейтинг маңызды рөл атқара бермейді. Польша командасы Швентексіз де мықты, әлемнің 20-ракеткасы Магда Линетт, жұптық сында жақсы ойнайтындар бар. Польша Швентексіз де қауіпті, мұны жақсы түсінеміз.

- Сіз әйелдер құрамасымен көптен бері жұмыс жасап келесіз. Капитан ретінде бәрі ұнай ма сізге?

- Қазір менің бар ойым, мақсатым алдағы матчта жеңіске жетіп, Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шығу міндетін орындау болып отыр. Ең бастысы, біз қайда жүрсек те, қайда өнер көрсетсек те, елдің қолдауын сезініп келеміз. Бұл – үлкен бақыт. Ендеше, ел үмітін ақтаудан басқа мақсат жоқ бізде.

- Әңгімеңізге рахмет. Польша құрамасымен өтетін матчта қазақстандықтарға табыс тілейміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу