Ярослава Шведова жұптық бәсекеде жартылай финалға өтті

2010

Австралияның ең ірі қаласы Сиднейде үлкен теннистен WTA Premier "Apia International Sydney" турнирі өтіп жатыр.

Ярослава Шведова жұптық бәсекеде жартылай финалға өтті

Ширек финалға өткен спортшымыз Ярослава Шведова жұптық бәсекелердегі командаласы америкалық Ваня Кинг екеуі хардты кордта тағы бір интернационалды жұп чехиялық Квета Пешке мен неміс қызы Анна-Лена Грёнефельдті екі сетте-ақ тізе бүктірді (7-5,6-3). Бұл бәсекеде букмекерлер біздің жұпқа басымдық берген болатын 1.64 коэфиценті, ал қарсылас жұпқа жасалған ставка 15 болатын, демек қателеспеген болып шықты.

 

Жалпы Кинг пен Шведова осы турнирдегі үздік 4-ші жұп саналады. Қос ракетка талай жыл бойы бір жұп құрап, бірнеше ірі турнирдің жеңімпазы атанғанын жақсы білеміз. Дәлірек айтқанда 2010 жылдың маусым айынан бері екеуі бірге жаттығып келеді. Тіпті сол жылы америка-қазақстан дуэті "Үлкен шлемнің" екі турнирін қатарынан жеңіп алған болатын. АҚШ-тың ашық біріншілігінде екеуі финалдан бір-ақ шықты. Ол кезде ақтық сында Кинг пен Шведова америка-ресей жұбы Лизель Хубер мен Надежда Петроваға қарсы ойнаған еді. Бұл тартысты матч үш сетпен біздің пайдамызға шешілді (2:6, 6:4, 7:6) (7:4). Ал бұл жеңістің алдында екеуі Уимблдонда чемпион атанған болатын.

Енді Шведова мен Кинг тағы екі ойынның жеңімпаздарын күтеді. Алдымен бірінші айналымдағы Шуай Пен (Қытай)/Андреа Главачкова (Чехия) және Саниа Мирза (Үндістан)/Барбора Стрыцова (Чехия) жұптары арасындағы жеңімпаз анықталады. Содан соң ұтқан дуэт ¼ финалда америкалық Медисон Бренгл мен австралиялық Арина Родионовамен кездеседі. Қай жеңгені жартылай финалда біздің жұпқа қарсы шығады. Букмекерлердің болжамына сенсек Кинг пен Шведова финалға жолдама алу үшін Саниа Мирза (Үндістан)/Барбора Стрыцова (Чехия) жұбымен сынға түсетін сияқты.

Ал Мельбурн қаласында ерлер арасында "Australian Open" турнирінің алғашқы іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Қазақстан теннисшісі Дмитрий Попко алғашқы іріктеуден өтпей қалды. Ресейлік Евгений Донскоймен кортқа шығып, бірінші сетте біздің теннисшінің мерейі үстем болды (6-3). Екінші партияда Донской есесін оңай қайтарды (6-1). Ал соңғы шешуші сет тартысты болды. Тай-брейк ұзаққа созылды, дегенмен тәжірибесі молырақ ресейлік Евгений Донской 9-7 есебімен жеңіске жетіп, келесі раундқа жолдама алды.

Біздің үздіктердің бірі саналатын 29 жасар Андрей Голубев те алғашқы кезеңде-ақ жарыстан шығып қалды. Ол корт иесі, әлемдік рейтингте 698-ракетка саналатын аустралиялық Мэттью Эбденнен жеңіліп қалды (1-6, 2-6). Естеріңізге сала кетейік: Әлемдік рейтингте біздің Голубев 234-нөмірлі ойыншы саналады. 698-ракеткадан оп-оңай ұтыла салуы қынжылтады. Андрей Голубев Мэттью Эбденнен осымен екінші рет ұтылды.

"Australian Open-2017" турнирінің биылғы жүлде қоры 36 млн доллардан асып жығылады. Былтырғымен салыстырғанда 14 пайызға артқан, яғни 50 млн аустралиялық доллар (36,2 млн АҚШ доллары). Әйелдер және ерлер турнирі жеңімпаздарының әрқайсысы 2,68 млн доллардан сыйақы алады. Финалға шыққандары 1,34 млн-ға ие болса, бірінші раундта-ақ жарыс жолынан шығып қалғандар 36 мың доллардан алады.

"Australian Open-2017" турнирінің негізгі бәсекесі 16-29 қаңтар аралығында өтеді.

Соңғы жасақталған рейтингке көз жүгіртер болсақ, алдыңғы үштік өзгеріссіз қалды. 1. Энди Маррей (Ұлыбритания), 2. Новак Джокович (Сербия), 3. Милош Раонич (Канада).

Ал Қазақстан лидері Михаил Кукушкин бұл рейтингте 8 сатыға төмендеді, дегенмен әлі де алдыңғы жүздіктің арасында, 97-орында тұр.

Әйелдер бәсекесінде де алдыңғы үштікте өзгеріс жоқ. Бұрынғысынша Анжелик Кербер (Германия), Серена Уильямс (АҚШ) және Агнешка Радванска (Польша).

Юлия Путинцева бір саты төмен сырғып, 34-орынға жайғасты. Ярослава Шведова 4 орын түсіп, 41-ші орынға тұрақтады. Дегенмен Шведова жұптық рейтингте 14-орынға көтерілді, ал бірінші орында жұптық бәсекенің хас шебері америкалық Бетани Маттек-Сандс тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу