Ықылассыз мердігердің ниеті қайта оянды: Көлік магистральдарын реконструкциялау қашан аяқталатыны айтылды

4829

Президент "Алматы – Қарағанды", "Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат" және "Талдықорған – Өскемен" магистральды бағыттарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Тапсырма берілгеннен кейін, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдерінің қатысуымен "Көлік-транзит әлеуетін дамыту" тақырыбында Орталық коммуникациялар қызметінде жиын болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Ықылассыз мердігердің ниеті қайта оянды: Көлік магистральдарын реконструкциялау қашан аяқталатыны айтылды

Аталмыш министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин негізгі магистральды бағыттарды реконструкциялау қашан аяқталатынын айтты.

"Талдықорған – Өскемен" бағыты

Ең көп сынға қалған "Талдықорған – Қалбатау – Өскемен" автомобиль жолының жалпы ұзындығы 768 шақырым. Реконструкциялау жұмыстары 2019 жылы басталған. Бүгінгі таңда қозғалыс жолдың төменгі қабатының 593 шақырымы бойынша ашылған. Барлық ұзындығы бойынша жыл соңына таман қозғалыс ашылады деп көзделіп отыр. Ал жұмыстарды толықтай аяқтау 2023 жылға жоспарланған. 

"Жұмыстың аяқталу мерзіміне Covid-19 пандемиясы және "CITIC Construction Co.LTD", "К-Дорстрой" АҚ және "Тодини Централ Азия" құрамындағы консорциумға қатысушылардың жұмысты жосықсыз орындауы сияқты факторлар әсер етті. "CITIC Construction Co.LTD" консорциумының басшысы жұмысты өз күшімен жалғастыруға ниет білдірді. Осылайша, құрылыс жұмыстары қайта жаңартылды, техниканы мобилизациялау, материалдарды әзірлеу іске асырылуда", – дейді Абдуллин.   

Оның мәліметіне қарағанда, жобаның құны – 278 млрд теңге. Соның 229,6 млрд теңгесі, берілген авансты ескере отырып игерілген.

"Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат" жобасы

Жалпы ұзындығы 436 шақырым "Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат" автомобиль дәлізі екі учаскеге бөлінген. "Ақтөбе-Қандыағаш" (жалпы ұзындығы 96 км, оның ішінде 77,8 км I – техникалық санат және 18,2 км II – техникалық санат) және "Қандыағаш–Мақат" (жалпы ұзындығы 340 км, ІІ-техникалық санат).

"Қандыағаш-Мақат" учаскесіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары 2018 жылы басталған. Бүгінгі таңда жаңа асфальтбетон жабындысы бойынша қозғалыс барлық ұзындығы бойынша ашылды. Биыл жұмыстарды толық аяқтау және пайдалануға беру көзделуде.

Бұдан бөлек, жоба аясында Мақат ауданы Доссор кентінің ұзындығы 5 шақырым болатын айналма жолының құрылысы жүзеге асырылды.

"Ақтөбе-Қандыағаш" учаскесін реконструкциялау 2021 жылдың сәуір айында басталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары барлық ұзындығында жүргізілуде. Осылайша, 5 000 мың м3 астам жер төсемі, 28 шақырым төменгі жабын қабаты төселді және 36 су өткізу құбыры монтаждалды.

"Жыл соңына дейін жаңа жабын бойынша 46 шақырым бойы қозғалыс ашу жоспарлануда. Жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға көзделген", – дейді Абдуллин. 

"Ақтөбе-Қандыағаш" жобасының құны – 62 млрд теңге, соның бүгінгі таңда 24,6 млрд. теңгесі игерілді, (оның ішінде аванс 10,5 млрд. тг.) 14,1 млрд. теңгесі орындалды. Мердігерлер "СМС" ЖШС және "АссанаДорСтрой" ЖШС. "Қандыагаш-Макат" жобасының құны – 73,4 млрд. тг., Азия Даму Банкінің қарызы және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады (мердігерлер Тодини, Юнисерв, Шанхай Констракшн, Ақ жол құрылыс).

"Алматы – Қарағанды" ортасы

Жалпы ұзындығы 946 шақырым болатын "Орталық – Оңтүстік" көлік дәлізі реконструкциялаудың негізгі 4 учаскесіне бөлінген: "Қарағанды-Балқаш" (363 шқ), "Балқаш – Бурылбайтал" (288 шқ), "Бурылбайтал - Құрты" (228 шқ) және "Құрты-Қапшағай" (67 шқ). 

Қазіргі уақытта жаңа асфальтбетон жабыны бойынша қозғалыс "Қарағанды – Балқаш" учаскесінің 277 шақырымында жүзеге асырылуда. Биыл 20 мамырдан бастап 10 шақырымында негіздің төменгі қабаты және 32 шақырымында жабынның төменгі қабаты төселді. Жыл соңына дейін қозғалысты толық ашу жоспарлануда

Анықтамалық: мердігер CITIC Construction Co., Ltd 

"Балқаш-Бурылбайтал" жобасы бойынша бүгінгі күні 123 шақырымында (43%) жабын, 143 шақырымында (50%) негіз және 13,2 млн.м3 (75%) жер жұмыстары орындалды.

Биыл 114 шақырым бойында қозғалыс ашу жоспарлануда. Жұмыстарды толықтай аяқтау 2023 жылға көзделген.

Бұдан бөлек, "Бурылбайтал-Құрты" учаскесінде қазіргі уақытта 102 шақырымында (71%) жабын, 111 шақырымында (78%) негіз және 6,7 млн.м3 (90%) жер жұмыстары орындалды. 2023 жылы жұмыстарды толық аяқтай отырып, 143 шақырым бойы қозғалыс ашу жоспарлануда.

"Құрты-Қапшағай" учаскесінде құрылыс-монтаждаудың ауқымды жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары басталғаннан бері 4 шақырымында (6%) жабын, 8 шақырымында (12%) негіз және 3 млн.м3 (71%) жер жұмыстары орындалды. Биыл төсемнің төменгі қабаты бойынша бір бағытта жүруді қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Нысанды пайдалануға беру 2024 жылға жоспарланған. 

"Мемлекет басшысы 7 шілдеде өткен кеңесте алға тартқандай, автожол инфрақұрылымын дамыту өркендеудің басым бағыты болып қала бермек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі негізгі көлік магистральдарын реконструкциялауға ерекше ден қоюда", – дейді Төлеген Абдуллин.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу