Youtube миллиондаған аудитория жинайтын авторлардың алып студиясына айналды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2309

Ал смартфон қалтаға сала салатын компьютердің қызметін атқарып отыр. 

Youtube миллиондаған аудитория жинайтын авторлардың алып студиясына айналды

Кеше Алматыда шымылдығы түрілген ХV Еуразиялық медиа форумы әлемнің 60 елінен келген алты жүзден астам делегат пен БАҚ өкілдерінің басын қосты.

Жиында саясаткерлер мен журналистер, өнер өкілдері мен ғалымдар, халық қалаулылары мен Нобель сыйлығының лауреаттары "Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем" тақырыбы аясында ашық диалог құрып, ғаламдық жайттарды сарапқа салды.

Форумның бірінші күні алыс-жақын шетелдің әлемдік деңгейдегі медиа сарапшыларының тақырыптық шеберлік дәрістерімен басталғанын жазған едік. Шараның екінші күніне ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, EAMФ ұйымдастыру комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ақпарат және комуникациялар министрі Дәурен Абаев медиа форумға қатысушыларға елбасының үндеу хатын оқып берді.

Соңғы кезде ақпараттық кеңістікте шындық қалыптастырудағы интернеттің әсері, цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді анықтау, аудиторияның медиа сауаттылығы,  фейк жаңалықтарға қарсы әрекет ету деген тақырыптар кеңінен талқыланып жүр. ХV Еуразиялық медиа форумы бұл түйткілдерді айналып өткен жоқ. Шетелдік сарапшы-мамандардың пікіріне құлақ түрсек, соңғы кезде фактчекинг журналистік зерттеу түрінде медиакеңістікте айтарлықтай жылдам дамуда. Кез келген ақпарат әп-сәтте бүкіл әлемге тарап үлгереді. Ақпараттық соғыс экономикалық немесе әскери блоктар арасында жүріп жатыр. Осы тұрғыда жалпақ жұртқа шынайы, нақты ақпарат жеткізу қиынға соғуда. Яғни белгілі бір оқиғаға орай қоғамда екі көзқарас қалыптастыру, бұқара санасына жаттанды мәлімет беру белең алған. Бұл кезде фактчек көмекке келеді. Фактчек –популизм мен манипуляцияны, түрлі деңгейдегі спикерлердің көпірме сөздеріндегі күмәнді деректерді әшкерелеуді көздейді. Осыған қатысты Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пікір білдіріп, геосаяси және өркениеттер қақтығысы көз алдымызда күшейіп бара жатқанын атап өтті.

"Халықаралық саяси құралдар ретінде бірінші кезекте – күш, қысым, қорқытулар қолданылады. Әлемдік масс-медиа өңірлік және жаһандық соғыстың құралы болуда. Фейктер әділдік пен жауапкершілік принциптерін бұзып жатыр. Ал бүгінде БАҚ-тың мүмкіндіктері мынандай – қоғамдық пікір арқылы түрлі айла-амалдар жасап қана қоймай, құндылықтарды өзгерту", – деді Бауыржан Байбек.

Жиында ЕAMФ ұйымдастыру комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева   цифрлық ұрпақтың бүгінгі келбеті туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бүгінгі БАҚ осыдан бірнеше жыл бұрынғы БАҚ-қа мүлде ұқсамайды.

"Біздің айналамыздағы өзгерістерге келсек, бұл туралы айтатын нәрсе жетерлік. Ақпарат құралдары түбегейлі өзгерді. Ең алғаш рет 2002 жылы Алматыда бас қосқанда iPhone да, Facebook те, Instagram да, WhatsApp та болмаған. Бұл жаңа технологиялар біздің өмірімізге айналдырған бірнеше  жылда еніп, ажырамас бөлшекке айналды. Пейджер деген сөз ұмытылды. Телефондарды тек көне фильмдерден көреміз. Теледидар "сұйық" экранға айналды. Смартфон қазір қалтаға сыйып кететін компьютер", – деді ол.

Дариға Назарбаева бұл өзгерістердің қазіргі ұрпақ өміріне айтарлықтай ықпал етіп жатқанын да қаперге салды.

"Біз бала кезімізде қуыршақпен қалай ойнадық. Тура солай қазіргі балалар девайстерден ажырамайды. Әлемдік медиатұтыну өзге кейіпке енді. Қазіргі цифрлық ұрпақ ақпарат  әлемін көз ілеспес жылдамдықпен меңгеріп келеді. Бұл ұрпақ дәстүрлі және балама ақпарат көздерін қатар пайдаланады. Олар ғаламтор мүмкіндігін қалыпты жағдай деп біледі", – деді Дариға Назарбаева.  

Оның айтуынша, қазір блогерлер дәстүрлі журналистика өкілдеріне қарағанда танымал.

"Ашық интернет алаңы тек қана талантты журналистерге ғана есік ашқан жоқ. Сонымен қатар  ақпараттық соғыстың көзге көрінбейтін сарбаздарына да жол ашты. Фейктер мен трольдер  жалған ақпарат шығарып, қоғамдық пікірге ықпал ете бастады. Олардың қасында таблоидтар абыройлы болып отыр. Девайстар мен гаджеттер қолжетімді. Бұл кез келген адамның медипроцеске қатысуына кепілдік беріп отыр. Блогерлер мен желілік авторлар беделді журналистермен бәсекеге түсіп жатыр. Соның кесірінен ірі басылымдар таралымын  жоғалтуда", – деді ол.

Дариға Назарбаеваның пікірі газеттерден бөлек, телеарналар да бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып алмауы үшін жаңа форматқа көшуі керек деген ойға жетеледі. Себебі қазір смартфоны бар кез келген адам репортаж жасап, деректі фильм түсіре алады. Ал 2005 жылы пайда болған Youtube видеохостингі миллиондаған аудиторияны жинайтын авторлардың алып студиясына айналған.

Форумның екінші күнінде "Халықаралық қатынастар эволюциясы: ғаламдағы салқын леп", "Ақпараттық технология эволюциясы. Фактіден фейкке дейін: Алаңдаудың қажеті бар ма?" деген тақырыптар ойталқыға салынды. БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің меңгерушісі Давид Чикваидзе мен Италияның бұрғынғы премьер-министрі Маттео Ренци осыған қатысты ойларын нақты мысалдармен жеткізді.

Кәрі құрлықтағы тұрақтылық пен өркендеудің іргетасы саналған  Еуропалық одақ соңғы кезде саяси және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келуде. Атап айтқанда, Брексит, босқындар нөпірі, Грекиядағы қарыз дағдарысы, терроризм қаупінің күшеюі және Ресейге салынған санкциялар. Еуропалық жобаны жақтаушылар одақтың 60 жылдық тарихында тұңғыш рет интеграцияның кейбір құрамдас негіздері жоқ боп кетуі мүмкін деп алаңдайды. Ендібіреулер Еуроодақтың басынан өтіп жатқан дағдарыс пайдалы реформаларға жол ашып, саяси және экономикалық интеграцияға әсер етеді дейді. Бұл мәселе "Еуропалық одақтың эволюциясы: қазіргі қиындықтар мен келешектің көкжиегі" атты тақырып барысында жан-жақты сөз болды.

ХV Еуразиялық медиа форумы ертең де жалғасын табады. Айта кетейік, Орталық Азиядағы тәуелсіз диалог алаңы аталған Еуразия медиа форумына  60-тан астам елден 500 делегет қатысуда. Олардың арасында Euronews, CNN, BBC, Assosiated press, New York Times, Bloomberg, ИТАР ТАСС өкілдері бар.   

Бұлбұл Болат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу