Ыстанбұл тасқынның астында: жүздеген көшені су басып, туризм тұралады

1155

Еуразияның басты авиахабында табиғи апат рейстерді тоқтатып, кеме қатынасына және Босфордағы туристік серуендерге тосқауыл қойды.

Ыстанбұл тасқынның астында: жүздеген көшені су басып, туризм тұралады Фото: aa.tr

Ыстанбұл соңғы бірнеше онжылдықтағы ең ауыр табиғи апаттардың біріне тап болды. 14 қазаннан бері толассыз жауған нөсер жауын тұрғын аудандарды, жолдарды, жерасты өткелдерін, кәсіпорындарды топан су астында қалдырып, көлік қатынасын бұзды, адам өліміне соқтырды. Су алып мегаполистің көшелерін кептеліске толтырды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Муниципалитеттің мәліметінше, Бейкоз (Beykoz) ауданында әр шаршы метрге шаққанда 242 килограмм жауын-шашын түскен. Эюпсұлтанда (Eyüpsultan) бұл көрсеткіш 190,5 килограммға, ал Сарыиерде (Sarıyer) 187,9 килограммға жеткен.

Бейкозда арнасынан асқан өзен тұтас тұрғын кварталдарын суға батырды. Қаланың Еуропа бөлігінің жекелеген аумақтары мен Босфор жағалауында бір шаршы метрге 100–230 килограмм жауын-шашын түскен.

Қарқындылығы жағынан бұл ақ жауын – 1985 жылдан бергі ең күшті нөсердің бірі деп танылды. Ал, Түркияның Экология, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі Мұрат Курум (Murat Kurum) бұл нөсерді соңғы 83 жылдағы ең күшті жауын-шашын деп атады.

"Ыстанбұл муниципалитеті қазіргі жауын-шашын мөлшері 1985 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіштердің біріне жеткенін мәлімдеді. Қаланың кейбір бөліктерінде бір шаршы метрге 242 килограмм жауын-шашын түскен. Толассыз жауған нөсер Ыстанбұл тұрғындарының күнделікті өміріне кері әсерін тигізді. Қолайсыз ауа райына байланысты оқу орындарындағы сабақтар тоқтатылды", – деп хабарлады Anadolu Agency.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты қала әкімдігіне түрлі тосын оқиға мен апат жөнінде 6 937 хабарлама түскен. Оның ішінде Ыстанбұлдың сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне жауапты İSKİ мекемесіне 5 711, Çözüm Merkezi (Шешімдер орталығы) қызметіне 528, өрт сөндіру қызметіне 498, жолдарды күтіп-ұстау бригадаларына 200 шұғыл хабарлама келіп түскен.

АКОМ – апаттармен күресті үйлестіру орталығының метеорологиялық болжамдарына сәйкес, нөсер әлі де жалғасуы мүмкін. Әсіресе қаланың Анадолы жағында және Босфор маңында жауын-шашынның қарқыны бәсеңдемеуі ықтимал.

Түркияның метеорологиялық қызметі жаңбырдың қайта күшеюі мүмкін екенін ескертті. 17 қазанда Ыстанбұлдың жекелеген аудандарында аса қатты жауын-шашын күтіледі. Хабарламада су тасқыны, көшкін, найзағай және көлік қатынасының бұзылу қаупі тікелей ескертіледі. Желдің жылдамдығы сағатына 50–80 шақырымға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлады Associated Press.

Қала тұрғындары мен мегаполис қонақтарынан жергілікті билік аса қажеттілік болмаса, жеке көлікпен жолға шықпауды, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалануды, өзен арналары мен су басу қаупі жоғары аумақтардан аулақ жүруді өтінді.

Ыстанбұл ауқымды қирауға душар болды

Қала әкімдігі тұрғындардың, әсіресе түнгі уақытта, қауіпсіз жерде паналап, қолайсыз ауа райын аман-есен өткеруі үшін эвакуациялық орталықтар ашты.

Апаттың алғашқы күндерінде қаза тапқандар туралы мәліметтер жарияланды. Associated Press агенттігі үш адамның қаза тапқанын, тағы бес адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.

Қаза тапқандардың бірі – Фатих ауданындағы шалшық суды басып, электр тоғына түскен 14 жастағы жасөспірім. Тағы бір құрбан – Сарыер ауданында тротуарда тайғанап құлап, басынан ауыр жарақат алған 34 жастағы ер адам. Үшінші адамның мәйіті Каытхане (Kağıthane) ауданындағы саябақ маңынан табылған.

Билік жертөле қабатындағы пәтерлерде тұратын тұрғындарға уақытша болса да қауіпсіздеу жерге көшуді арнайы ескертті. Су кейбір көшелердегі қозғалысты толығымен тоқтатты.

Бетон зауытының аумағында түні бойы су қоршауында қамалып қалған жұмысшыларды арнайы техника көмегімен эвакуациялауға тура келді. Каытхане ауданының кейбір көшелерінде су екінші қабаттағы терезелердің деңгейіне дейін көтерілген. Бейликдюзю ауданындағы құрылыс алаңында топырақ көшкіні жүріп, көшенің бір бөлігі көлік қозғалысына жабылды.

Табиғи апат қаланың көлік жүйесіне де ауыр соққы берді. Жолдардың көлікпен нығыздалып жүктелеуі 89% пайызға дейін жетті. Автомобильдер D-100 және TEM тасжолдарында әрең қозғалды. Босфор бұғазы арқылы өтетін көпірлерге апаратын жолдарда көлік кептелісі күшейді.

Әлемдік телеарналар таратқан кадрларда паш етілгендей, тасқын су көшелерде тұрған көліктерді ағызып әкетіп, бір-бірімен соқтығыстырды.

AP мәліметінше, құтқарушылар су басқан аумақтарда қамалып қалған бірнеше мың адамды қауіпсіз жерге көшірген. Билік мектептердің жабылу мерзімін ұзартты, мотоциклдердің қозғалысына шектеу қойды және тұрғындарға аса қажеттілік болмаса, жолға шықпауға тағы кеңес берді.

İstanbul Ticaret Gazetesi басылымының мәліметінше, шектеулер паром қатынасына да әсер еткен. Оның ішінде Алтын Мүйіз шығанағы мен аралдарға қатынайтын бағыттар да бар. BUDO тасымалдаушысы Ыстанбұл, Муданья және Армутлу арасындағы 12 су рейсін тоқтатты.

Кейбір жерлерде су метро станцияларына дейін жиналған. Көлік тораптарын су басқанда, зардап бір ғана саламен шектелмейді: қызметкерлер жұмысқа кешігеді, түрлі шара кейінге қалады, дүкендерге, қонақүйлерге жүк жеткізу мерзімі бұзылады. Солай бір табиғи апат миллиондаған адамның күнделікті тіршілігіне залал келтіреді.

Әуе қатынасына да соққы тиді

Тасқын және ұйытқыған алапат жел әуе тасымалына да айтарлықтай кедергі келтірді. Түркия Көлік министрлігінің дерегінше, бір күннің ішінде Ыстанбұлдың басты әуежайына қонуға мүмкіндігі болмаған 43 ұшақ басқа әуежайларға бағытталған.

Сабиха Гөкчен әуежайына бет алған тағы бірнеше әуе кемесі де қатты жел мен жел бағытының күрт өзгеруінен туындаған қиындықтарға байланысты қосалқы әуежайларға жолданды. Сабиха Гөкчен әуежайында ұшақтардың көтерілуі уақытша тоқтатылды.

Profi.Travel хабарлауынша, кейбір жолаушы үйлеріне 36 сағаттан астам қайта алмай қалған. Дегенмен бүгінгі рейстердің басым бөлігі кестеге сай немесе айтарлықтай кідіріссіз келіп жатыр.

Кәсіпкерлікке келген шығын да аз емес

Табиғи апат бизнестің жұмысына да нұқсан келтіруде. Түркияның Сақтандыру қауымдастығының дерегінше, 15 қазанға дейін су тасқынынан келген шығынды сақтандыру арқылы өтеуге қатысты 838 бастапқы өтініш түскен. Олар тұрғын мүлкіне, коммерциялық нысандарға және автокөліктерге келтірілген залалды қамтиды.

Алайда бұл – әзірге алдын ала статистика ғана. Нақты шығын көлемі бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Сақтандыру компаниялары келесі аптаның басында өтініштер саны ондаған мыңға жетеді деп қауіптеніп отыр.

Қауымдастық президенті Ахмет Яшар бұл жолғы апаттың салдары бұрынғы көптеген су тасқындарына қарағанда көбірек ауданды қамтығанын алға тартты және оның ауқымын ғасыр басындағы ұқсас ірі апатпен салыстырды.

Ыстанбұл неліктен қайта-қайта су астында қала береді?

Қазіргі су тасқынын тек жауын-шашынның шамадан тыс көп түсуімен түсіндіру жеткіліксіз. Bianet жариялаған ландшафт сәулетшісі Хюлья Динчтің зерттеуі мәселенің ауқымын нақты сандар арқылы көрсетеді.

İSKİ мекемесі жариялаған қаланың 2023 жылғы Бас жоспарына сәйкес, Ыстанбұлда жалпы ұзындығы 5 247 шақырымды құрайтын 2 772 су ағыны болған. Зерттеуші Динч ауызсумен қамтамасыз ететін су жинау алаптарынан тыс орналасқан 168 ірі жылға мен олардың салаларын да қоса зерттеді.

Нәтижесінде, осы су арналарының шамамен 80%-ы көміліп қалғаны немесе құрылыс нысандарының астында жатқаны анықталған. 64 пайызы елеулі физикалық өзгерістерге ұшыраған. Тек 60 су арнасы ғана бастауынан сағасына дейін табиғи қалпын сақтап қалыпты.

Зерттеуші қала құрылысына қатысты шешімдер мен жерді пайдалану сипатының өзгеруі салдарынан маусымдық және тұрақты су сағаларының жойылып бара жатқанына назар аудартты.

Табиғи су арналарының бағыты өзгеріп, олардың айналасына не тура үстіне ғимараттар мен жолдар салынған кезде, судың қауіпсіз ағуына қажетті кеңістік тарылады. Асфальт пен бетон жауын суының топыраққа сіңуіне кедергі келтіреді. Нөсер кәрізі күрт ұлғайған су көлемін бірден еңсеруге қауқарсыз.

Яғни, мәселе тек жауынның көп жауғанында ғана емес, қаланың суды өткізу қабілетінің төмендеуінде де жатыр. Бұған жаһандық климат дағдарысы қосылды.

"Климаттың өзгеруі – болашақтың емес, бүгінгі күннің аса маңызды проблемасы. Жауын-шашынның қарқындылығы артып келеді", – деді Түркияның Экология, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі Мұрат Курум.

Келесі апатқа дайындық: жаңа нөсер туннелі

Қала билігі табиғи апаттың алдағы ықтимал соққыларына дайындықты күшейтіп жатыр. Тарихи Фатих ауданында İSKİ мекемесі құны шамамен миллиард түрік лирасына бағаланған, ұзындығы 2,5 шақырымдық Саматья нөсер суы туннелінің жобасын жүзеге асыруда.

Бұл нысан маңызды магистральдар мен оларға іргелес көшелерді су басу қаупін азайтуға, артық суды бұрып әкетуге тиіс.

Сонымен қатар Дүниежүзілік банк Ыстанбұлдың табиғи апаттар мен климаттық қатерлерге төзімділігін арттыруға арналған жобаларды қаржыландыруға 650 миллион доллар көлеміндегі несиені мақұлдады.

Мұның мәні зор. Туристерді қоса алғанда, тұрғындарының саны 15–21 миллионға дейін баратын Ыстанбұл Түркия жалпы ішкі өнімінің шамамен үштен бірін бір өзі қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл алып қаланың қалыпты тіршілігінің бұзылуы – жай ғана жергілікті коммуналдық мәселе емес, бүкіл ел экономикасына төнетін қатер.

Ыстанбұлдағы алапат нөсер тағы бір маңызды шындықты еске салды: табиғи апаттың зардабы жауын-шашынның көлемімен ғана өлшенбейді. Қаланың қалай жоспарланғаны, табиғи су арналарының қаншалықты сақталғаны, инженерлік инфрақұрылымның қуаты және биліктің алдын ала дайындығы да шешуші рөл атқарады.

Бүгін су астында қалған көшелер мен тоқтаған көлік қатынасы – ертеңгі күні басқа мегаполистердің де басынан өтуі мүмкін жағдай.  Сондықтан Ыстанбұлдағы оқиғадан алынатын сабақ айқын: климат қатты өзгеріп жатқан заманда қаланың қауіпсіздігі апаттан кейінгі құтқару жұмыстарымен ғана емес, апаттың алдын алатын сауатты жоспарлау мен жүйелі инфрақұрылымға тікелей байланысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу