Өткен түні Ыстамбұлда санта-клаустың киімін киген белгісіз біреу Reina түнгі клубының қонақтарына оқ жаудырған. Түркия ІІМ мəліметтеріне сүйенсек, шабуыл салдарынан 39 адам қаза тапты, 69 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Құрбандардың басым бөлігінің жеке басы анықталмаған.
Қазақстан ІІМ abctv.kz-ке берген алдын-ала ақпаратында қаза тапқандар мен жарақат алғандар арасында еліміздің азаматтары жоқ екендігі айтылған. Түркия билігінің ақпаратына сүйенсек, қаза болған 21 адамның жеке басы анықталған. Оның ішінде 15 адам – шетел азаматы. Шабуыл құрбандарының басым бөлігінің кім екендігі əлі де белгісіз болып отыр.
"Алдын-ала ақпарат бойынша қаза тапқандар мен жараланғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Біздің елшілеріміз Түркия билігімен бірлесіп мəліметтерді нақтылау жұмысын жалғастырып жатыр", – дейді ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Әнуар Жайнақов.
ҚР Инвестиция жəне даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали өз кезегінде Түркия елінде жүрген отандастарымызға сақтық шараларын сақтауға шақырды.
"Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарына абай болуға жəне қауіпсіз жерде қалуға кеңес береміз. Шұғыл қажеттілік болмаса, қонақүй аумағынан шықпай, адамдар көп шоғырланған жерлерден аулақ жүру қажет", – деп жазыпты Facebook-тегі парақшасында департамент басшысы.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Ыстамбұлда Reina түнгі клубында санта-клаустың киімін киген белгісіз біреу жаңа жыл мерекесін тойлап жүрген қонақтарға шабуыл жасады. Шабуылдан кейін клуб иесі Мехмет Коджарслан түріктің Hurriyet баспасына өз клубына шабуыл жасалуы мүмкін екенін АҚШ барлау қызметі ескерткенін мəлімдеді.
Мехмет мырзаның айтуынша, өткен апта қауіпсіздік шараларын күшейту жұмысы жүргізілген. Түркияның ресми билігі бұл шабуылды ланкестік акт деп таныды. Түрік ақпарат құралдары шабуыл жасаған адам жалғыз болғанын айтады. Оқиға кезінде түнгі клубта шамамен 700 адам болған. Abctv.kz оқиға барысын бақылауға алды. Жедел ақпарат түссе, хабарлап отырамыз.