Ыстанбұлдағы Долмабахче сарайында Түркия, АҚШ және Украина делегацияларының үшжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БАҚ-тың жазуынша, келіссөздерге Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан төрағалық еткен.
АҚШ делегациясына Мемлекеттік хатшы Марко Рубио жетекшілік етті. Бұдан бөлек АҚШ-тың Анкарадағы елшісі Том Барак және Дональд Трамптың Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог қатысты.
Украина тарапынан Зеленский кеңсесінің басшысы Андрей Ермак, Қорғаныс министрі Рустем Умеров және Сыртқы істер министрі Андрей Сибига қатысты.
Жақында Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеме жасап, Украинамен алдын ала тікелей келіссөздер жүргізуді ұсынды. Ол келіссөздердің өтетін орны ретінде Ыстанбұлды атады. Кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл кездесуді ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік әріптесінің бастамасын қолдады. Ал Украина басшысы Владимир Зеленский Түркияда өтетін келіссөздерге қатысатынын растады.
Бірақ та, 15 мамырда Ресей мен Украина делегацияларының жоспарланған тікелей кездесуі өтпеді.
Айта кету керек, осыған дейін Ресей мен Украина келіссөздері 16 мамырда өтетінін хабарлағанбыз.