Қытайдағы "артық көлік" Қазақстанға ағылуы мүмкін

586

Қытай бензиндік көліктермен әлемді жаулап жатыр. 

Қытайдағы "артық көлік" Қазақстанға ағылуы мүмкін Фото: Reuters

Көлік экспортында мұндай машиналардың үлесі 76 пайызға жетіп отыр. Қытайдың электромобиль индустриясы бірнеше жыл ішінде елдің ішкі нарығының жартысын жаулап алды. Соның нәтижесінде бензинмен жүретін автомобильдердің сатылымы күрт төмендеді.

Бұл жағдайдан шетелдік автоөндірушілер де ұтылды. Себебі ішкі нарықта бензиндік автомобильдерді сату қиындап кеткендіктен, қытайлық дәстүрлі автоөндірушілер әлем нарығына бензинмен жүретін көліктерді экспортқа шығару арқылы жауап беруге мәжбүр болды. Басқа амал қалмады.

Қытайдың Automobility консалтингтік компаниясының дерегінше, 2020 жылдан бері Қытайдың көлік экспортында бензиндік автомобильдердің үлесі 76 пайызға жетті. Ал жалпы жылдық сатылым көлемі 1 миллионнан биылғы 6,5 миллионға жуықтады.

Қытай автоөндірушілерінің жаһандық экспансиясы жөніндегі бұл сараптама әлемнің ондаған елінде сатылған машиналардың санына шолу жасап, "Рейтер" агенттігі 30-дан астам адамнан алған сұхбаттарға негізделген. 

Айта кетсек, сол адамдардың қатарында 11 қытайлық және екі батыс еуропалық автоөндірушінің басшылары бар.

Олардың пікірінше, қытайлық автоөндірушілердің бензинмен жүретін көліктерді қарқынды экспорттауы коммунистік мемлекеттің шектен тыс өндіріске бағытталған саясатына байланысты.

Automobility компаниясының бас директоры Билл Руссоның айтуынша, Қытайда электромобильдер өндірісінің қарқынды дамуы жылына 20 миллион бензиндік көлік құрастыратын зауыттарды тоқтатуға мәжбүр етті. 

Бұл автоөндірушілерді экспортқа бағыттауға итермеледі.

"Ішкі нарықта өтпей қалған бензиндік көліктер өзге әлемге жөнелтіліп жатыр", – дейді Руссо.

AlixPartners консалтингтік фирмасының болжамынша, 2030 жылға қарай Қытай автоөндірушілерінің шетелге жылдық сатылымы 4 миллион көлікке жетеді. Бұл оларға Оңтүстік Америка, Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарында айтарлықтай үлес алуға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, қытайлық автоөндірушілер алдағы бес жыл ішінде дүниежүзілік автоөнеркәсіптің 30 пайызын бақылауы мүмкін.

"Бұл өсім басқалардың есебінен жүзеге асады", – дейді AlixPartners компаниясының Қытайдағы тең төрағасы Стивен Дайер.

10 жылдан астам уақыт бойы Бейжіңнің саясаты бензиндік автомобиль зауыттарын қайта құрудың орнына жаңа электромобиль зауыттарын салуға бағытталды. 

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жергілікті билік өндірістік бумды субсидиялармен қолдап, электромобиль өндірушілерді өз жағына тарту үшін бәсекелестік тудырды. Соның нәтижесінде автоөндірушілер дамуға ұмтылған қалалар мен провинциялар қаржыландырған арзан электромобиль зауыттарына қол жеткізді.

"Жергілікті билік тіпті жер дайындап, зауыттар салып жатыр, автокомпанияларға "бір ғана чемоданмен көшіп келуге" мүмкіндік береді", – дейді Қытайдың жүк машиналарын шығаратын Sany Heavy Truck компаниясының төрағасы Лян Линхэ Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Бұл саясаттың нәтижесі – наурыз айында өткен электромобильдер жөніндегі конференцияда Қытайдың бұрынғы өнеркәсіп министрінің орынбасары Су Бо реттеуші органдарды бензиндік автомобиль зауыттарын батареямен жүретін модельдерге айналдыруға шақырды. 

Оның айтуынша, Қытай өнеркәсібі жылына 20 миллион электромобиль мен гибридтік көлік шығара алады. Алайда 30 миллион бензиндік көлік шығаратын зауыттар (ішкі сұраныстан асып кеткен) әлі де экономикаға салмақ салып отыр.

Дегенмен көптеген қытайлық автоөндірушілер өз өнімдерін экспортқа шетелдік бәсекелестерімен шамалас бағаға шығарып, Қытайдың қатаң нарығындағы бағалардан айтарлықтай арзан сатады.

Сонымен қатар, қазір Қытай автоөндірушілері Ресейде саяси қиындықтарға тап болды. Биыл Мәскеу Қытай импортына тарифтерді екі есеге көтеріп, 7 500 долларға жеткізді. Содан кейін Мексика Ресейді Қытайдың ең ірі автоэкспорт нарығынан екінші орынға ығыстырды.

GlobalData мәліметтері бойынша, Ресей өз нарығында қытайлық автомашиналардың үлесін 2022 жылғы 21 пайыздан 2024 жылы 64 пайызға немесе 900 000 көлікке жеткізгеннен кейін баж салығын арттырды. Бұл тарифтер Қытайдың Ресейге экспортын күрт азайтып жіберді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу