Юки Бхамбри мен Райан Сеггерман Almaty Open турнирінің жұптық сынында чемпион атанды

228

Үндістандық Юки Бхамбри мен америкалық Райан Сеггерман ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жұптық сынында чемпиондық атақты жеңіп алды.

Юки Бхамбри мен Райан Сеггерман Almaty Open турнирінің жұптық сынында чемпион атанды Фото: ktf.kz

Финалдық кездесуде Бхамбри мен Сеггерман бірінші нөмірмен тіркелген аустриялық Лукас Мидлер мен Нил Оберлайтнер жұбын жеңді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тартысты өткен матч үндістандық-америкалық жұптың пайдасына 7:6 (7:3), 6:7 (1:7), 10:2 есебімен аяқталды.

Алғашқы сет тең дәрежеде өтті. Екі жұп та өз доп беру геймдерінде сенімді ойнап, партияның тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда Бхамбри мен Сеггерман 7:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте аустриялық теннисшілер есепті теңестіріп, тай-брейкте 7:1 есебімен жеңіске жетті.

Жеңімпаз шешуші чемпиондық тай-брейкте анықталды. Бхамбри мен Сеггерман алғашқы ұпайлардан бастап басымдықты өз қолдарына алып, 10:2 есебімен жеңіске жетті.Теннисшілер кортта 1 сағат 26 минут өткізді. Осы уақыт ішінде үндістандық-америкалық жұп алты эйс жасап, бір қос қателік жіберді. Ал аустриялық теннисшілер үш эйс орындап, бір қос қателікке жол берді.

Осылайша, Юки Бхамбри мен Райан Сеггерман Almaty Open турнирінің жұптық сынында чемпион атанды. Ал Лукас Мидлер мен Нил Оберлайтнер жарысты финалист ретінде аяқтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу