Юлия Мясникова: Күйеуім қазақ болғанын қалаймын

6751

ЦСКА шабуылшысы Юлия Мясникова осылай деп мәлімдеді.

Юлия Мясникова: Күйеуім қазақ болғанын қалаймын

Юлия, Ресейде доп теуіп жүрген санаулы қазақстандықтың бірісің. Мұндағы футбол деңгейі қандай?

- Әрине, Ресей қыздар футбол лигасы өте жоғарғы деңгейде. Біз өткен жылы чемпион болдық. Алайда, мұнда бәсеке өте жоғары. Мысалы, Қазақстанда 1-2 клуб қана деңгейлес. Қалғанының дәрежесі де, деңгейі де төмен.

ЦСКА командасында ойнағандықтан сен ЦСКАның ерлер командасының ойынын тамашалап тұратын шығарсың.

- Әлбетте, біз барлығымыз бір клубпыз. Жалауымыз да, киіп жүрген жейдеміз де бір. Жаттығатын жеріміз де түбі бір болатын сияқты. Ерлер командасында біздің жерлесіміз Бақтиер Зайнутдинов өнер көрсетеді.

Сіз оның ойындарын көріп жүрсеңіз, бір-біріңізбен тығыз қарым-қатынаста шығарсыз?

- Әрине. Жаттығу кезінде, алаң сыртында да көріп тұрамын. Соншалықты жиі кездеспесек те, байланыс үзбейміз. Қанша дегенмен Қазақстаннан болғандықтан, бір-бірімізді жылы тартамыз.

Бас бапкер Григорян мырзамен сөйлестім. Ол кісі сені ерекше мақтады. Қарағандылық болғандықтан, кеншілерге тән мінез бар дейді.

- Бапкерге сырттан көрініп тұрады ғой. Мен қазір қапталда ойнаймын. Көбінесе қорғанысқа жауап беремін. Аракідік өзге де позицияларды жүремін. Бақтиер Зайнутдинов қандай әмбебап футболшы. Кез келген жерде ойнап жүр. Мен де сол секілді нағыз кәсіпқой футболшы болуға тырысып жүрмін.  

Эльвира Тодуа Ресей құрамасының негізгі қақпашысы: "Юлия өте шебер ойыншы" деп мақтау сөз айтты. Оның ЦСКА ойынына қандай әсері бар?

- Эльвира Зурабқызы өте тәжірибиелі адам. Оның орны ерекше. Команданы ұстап тұратын 2-3 адам болса, соның бірі дер едім. Ол мен жайлы жақсы пікірде екенін байқадым. Бүкіл қаптал бойынша жүгіріп, талмай еңбек етіп, қорғаныста қате жібермесем мақтамасына амал жоқ.

Қыздардың футболшы болғаны әлі де біртүрлі болып саналатындай көрінеді. Олардың тұрмыс құрып, ана болуға талпынысы жоқ па?

- Біздің командада 3-4 футболшының бала-шағасы, күйеуі бар. Олардың біразы футболшыларға тұрмысқа шыққан. Бала туып болған соң 2 жылдан кейін қайтадан футболға келгендері де жоқ емес. Ал мен жеке өміріме келетін болсам әзірге ұнатып жүрген жігітім жоқ. Күнде таңертен жаттығуға келемін. Сосын, үйге барып түскі ас ішемін. 1 сағат ұйықтап аламын да, кешкі жаттығуға барамын. Одан кейін үйге барып жуынып, тамақ пісіріп жүргенде кеш батады. Ал ертесіне таңғы 8 де қайтадан жаттығуға баруым керек. Осылай күнде қайталанады. Осының ортасынан уақыт тауып адамдармен сөйлесудің өзі қиын. Негізі жігітім қазақстандық болғанын қалаймын.    

-        Сұқбатыңа рахмет!

Сұқбаттасқан Ермұхамед Мәулен

Мәскеу, Ресей.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу