Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтінгісінде қазақстандық теннисші Юлия Путинцева 23-орынға көтерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бір апта бұрын ол 29-дан 25-ке жоғарылап, өзінің спорттық жолындағы үздік көрсеткішіне қол жеткізген еді.
Аделаидада финалға дейін жеткен америкалық Джессика Пегула қазақстандық Елена Рыбакинаны ығыстырып, алтыншы орынға тұрақтады.
Жұптық сында Қазақстанның үздігі Анна Данилина 23-тен қайтадан 22-ге көтерілсе, Ю.Путинцева 111-ден 108-ге ауысты. Жібек Құламбаева бұрынғыша 156-да тұр.
Айта кетейік, Е.Рыбакина, Ю.Путинцева және А.Данилина Мельбурнда өтіп жатқан Аустралия ашық чемпионатында сәтті өнер көрсетсе, әлемдік рейтингідегі жағдайларын жақсарта алады.