Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева жаңа маусымдағы алғашқы "Үлкен дулыға" турнирі – Australian Open жарысында сенсация жасады. Бірінші айналымда қазақстандық теннисші бразилиялық Беатрис Хаддад Майяны (№59) 3:6, 7:5, 6:3 есебімен жеңді.
Кездесу 2 сағат 55 минутқа созылды. Путинцева матч барысында 3 эйс жасап, 1 қос қателікке жол берді. Ал Хаддад Майя 1 эйс орындап, 7 рет қос қателік жіберді.
Бұған дейін Юлия мен Беатрис бір-бірімен 2 рет кездескен болатын және сол матчтардың барлығы да 3 сетке созылып, бразилиялық спортшының жеңісімен аяқталған еді.
Жекелей сында Қазақстан атынан Елена Рыбакина (№5) мен Зарина Дияс (№285) өнер көрсетеді. Ерлер арасындағы жарыста Александр Бублик (№10) пен Александр Шевченко (№104) ел намысын қорғайды.
Бүгін, 18 қаңтар 13:00-де Александр Бублик кортқа шығады.
Елена Рыбакина 20 қаңтар күні Қазақстан уақытымен 7:10-да Кайя Юванмен кездеседі. Ал Зарина Дияс 19 қаңтар күні 5 кортта Қазақстан уақытымен 7:20-да испаниялық Паула Бадосамен сынға түседі.
Александр Шевченко 19 қаңтар күні таңғы сағат 5:00-де Элиас Эмирмен кездеседі.
Айта кетейік, 2026 жылғы Australian Open турнирінің негізгі кезеңі 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Мельбурнда өтуде. Бұл дода дәстүрлі түрде маусымның алғашқы "Үлкен дулыға" жарысы саналады және әлемнің үздік теннисшілерін бір арнаға тоғыстырады.