Алғашқы болып кортқа Қазақстаннан әлемнің 30-ракеткасы Юлия Путинцева, Аргентинадан дүниежүзілік рейтингте 45-орында тұрған Надя Подороска шықты. Өткен жылы Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Н.Подороска сол додада Ю.Путинцеваны да ұтып кеткен болатын. Бұл жолы бірінші партияда аргентиналық теннисші басымдылық көрсетті – 6:2. Екіншісінде қазақстандық спортшы есе қайырды – 6:4. Үшінші, шешуші сетте Ю.Путинцева қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Бәсеке екі сағаттай уақытқа созылды. Осылайша Н.Подороскаға Парижде кеткен есесін қайтарған Юлия Қазақстанды алға шығарды. Есеп – 1:0.
Ал екінші кездесуде Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина аргентиналық, дүниежүзілік рейтингте небәрі 430-орында тұрған Мария Лурдес Карлемен шықты. Бұл кездесуде қазақстандық теннисші сөзсіз фаворит саналғанымен, ойын басқаша өрбіді. Бірінші партияда алдымен Е.Рыбакина брейкпен алға шықты – 2:0. Алайда қарсыласы таразы басын теңестіріп қана қоймай, есеп 3:3 болған мезетте брейк жасап кетті. Сосын басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:4.
Екінші сетте Елена қос брейкке қол жеткізіп, есепті 4:0-ге жеткізді. Бұдан кейін аргентиналық теннисші қарымта қайырып, есепті қысқартты – 3:4. Дегенмен Рыбакина тағы бір брейктен кейін сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана білді – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда корт иесі 3:0 есебімен алға кетті. Күн ыстық болған соң ба, өзін жайсыз сезінген Рыбакина медициналық көмекке де жүгінді. Ал аргентиналық спортшы қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:0. Бәсеке 2 сағат 17 минутқа созылды.
Осылайша Қазақстан – Аргентина матчында есеп теңесті – 1:1. Сенбі күні матч жалғасып, Билли Джин Кинг кубогының (бұрынғы Федерация кубогы) шешуші іріктеу кезеңіне берілетін жолдама тағдыры шешіледі.
Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде сондай-ақ Украина – Жапония, Польша – Бразилия, Британия – Мексика, Сербия – Канада, Латвия – Үндістан, Румыния – Италия, Нидерланды – Канада матчтары өтеді. Жеңімпаздар шешуші іріктеу кезеңіне жолдама алады. Оған биылғы финалда 3-10 орын алған командалар қосылады. Содан кейін 2022 жылғы финалдық бәсекеге жолдама алған құрамалар анықталады.
Ермұхамед Мәулен