banner

Юлия Путинцева чехиялық теннисшіден басым түсті

1735

Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева жекелей өнер көрсету бойынша Әбу-Дабиде өтіп жатқан турнирдің үшінші айналымына жолдама алды.

Юлия Путинцева чехиялық теннисшіден басым түсті

Жаңа маусымды қазақстандық теннисшілер қарқынды бастады. Олар Әбу-Дабиде, Анталияда және Каирде өтіп жатқан турнирлерде бақ сынауда. Солардың бірі Юлия Путинцева. Ол Әбу-Даби WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты. Бұл туралы Қазақстан Теннис Федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда рейтингте 65-орында тұрған чехиялық Барбора Крейчиковамен күш сынасты. Бірінші партияны қазақстандық 6:4 есебімен жеңді. Екінші сетте алдымен чехиялық спортшы 4:1 есебімен алға шықты. Дегенмен, Путинцева таразы басын теңестіріп қана қоймай, матчты жеңіспен аяқтады - 7:5. 

Енді Юлия Путинцева жүлде қоры 565 530 АҚШ долларына бағаланған турнирдің ширек финалына шығу үшін былтырғы жылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Софья Кенинмен күш сынасады.

Тағы бір жерлесіміз Ярослава Шведова Әбу-Даби WTA 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады. Жарақатына және сәбилі болуына байланысты Ярослава үш жарым жылдай WTA турларында ойнамады. Өткен жылы кортқа қайта оралып, Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны болған Ярослава Әбу-Даби жарысының алғашқы айналымында рейтингте 318-орында тұрған италиялық Бьянка Туратимен шеберлік байқасты. Бьянка 6:1, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Сонымен қатар қазақстандық теннисшілер Ярослава Шведова мен Елена Рыбакина Абу-Дабиде өтіп жатқан WTA 500 турнирінің жұптық сынында екінші айналымға өте алмады. Жерлестеріміз бірінші айналымда америкалық Хейли Картер мен бразилиялық Луиза Стефаниге есе жіберді. 2 сағат 11 минутқа созылған кездесу 3:6, 3:6 есебімен аяқталды.

Бұдан бөлек Александр Бублик мен Андрей Голубев Анталияда өтіп жатқан ATP 250 турнирінің жұптық сынында үшінші айналымға өтті. Олар бірінші айналымда бельгиялық Давид Гоффен мен франциялық Пьер-Юг Эрберді ұтып кетті. 2 сағатқа созылған тартысты кездесу 6:3, 0:6, 12:10 есебімен аяқталды.

Достанбек Ташбулатов Анталияда (Түркия) өткен ITF FUTURE M15 ANTALYA турнирінің екінші айналымына өтті. Негізгі кезеңнің бірінші айналымындағы ойында қазақстандық теннисші түркиялық Үмүт Йенилмезден екі сетте басым түсті - 6: 2, 6:4. Турнирдің екінші айналымында Ташбулатов италиялық Давиде Галоппинимен кездеседі.
Қазақстанның тағы бір өкілі Григорий Ломакин Каирде өтіп жатқан ITF EGYPT MENS FUTURE M15 CAIRO турнирінің екінші айналымында Испания өкілі Хосе Видал Азоринге 1: 6, 1: 6 есебімен есе жіберді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу