Юлия Путинцева China Open турнирін жеңіспен бастады

705

Бейжіңде жүлде қоры 8 127 389 АҚШ долларын құрайтын әйелдер арасындағы WTA-1000 China Open турнирі өтуде. 

Юлия Путинцева China Open турнирін жеңіспен бастады Фото: olympic.kz

Әлемнің 75-ракеткасы, қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Бейжіңде (Қытай) өтіп жатқан WTA 1000 - China Open турнирінің негізгі кезеңін сәтті бастады. Іріктеу матчтарын ескерсек, бұл 28 жастағы спортшының "аспан асты елі" астанасындағы үшінші жеңісі. Бірінші айналымда Юлияның қарсыласы әлемнің 30-ракеткасы, 25 жастағы чехиялық Мария Буузковға қарсылас атанды. Бұл олардың корттағы алғашқы бетпе-бет кездесуі болды. Матч 6:2, 7:6 (5) есебімен Путинцеваның жеңісімен аяқталды.

Енді бұған дейін Бейжіңде екі іріктеу кезеңін аяқтаған Путинцева Катерина Бейндл (Украина, №88) – Каролин Гарсия (Франция, №10) жұбының жеңімпазы Каролинмен ойнайды. Бұл кездесу ертең, 3 қазанда өтеді.

30 қыркүйек күні басталған турнир 8 қазанға дейін жалғасатын болады. Аталмыш додаға Каролина Мухованы қоспағанда, әлемнің он үздік теннисшісінің тоғызы қатысады. Алғаш рет Арина Соболенко әлемнің бірінші ракеткасы ретінде кортқа шығады. Жалпы Қытайдағы WTA 1000 турнирі бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Себебі жеңімпаз рейтингтік 1000 ұпай мен қомақты сыйақы алады.

Атап айтқанда, турнирге Ига Швентек, Коко Гауфф сынды теннис жұлдыздары қатысады. Бейжіңде еліміздің үздік теннисшісі Елена Рыбакина да өнер көрсететінін айта кетейік. Бірінші айналымда ол жергілікті спортшы Цинвэн Чжэнмен (№23) сынға түседі. 1/32 финал аясындағы матч бүгін елорда уақытымен 17:30-да басталады.

Сондай-ақ бүгін WTA жаңартылған әлемдік рейтингіні жариялады. Юлия Путинцева екі позиция жоғалтып, қазір 75-орында. Ал Қазақстанның ең мықты теннисшісі Елена Рыбакина Әйелдер теннис қауымдастығының рейтингінде өз орнын сақтап қалды. Осылайша, 24 жастағы Рыбакина әлі де бесінші орында тұр. Үздік үштікте еш өзгеріс жоқ: беларуссиялық Арина Соболенко бірінші, польшалық Ига Швентек екінші, америкалық Кори Гауфф үшінші орынға жайғасты. Төртінші орында АҚШ-тың тағы бір өкілі Джессика Пегула тұр.

Рыбакина биыл мансабында алғаш рет Мексиканың Канкун қаласында өтетін WTA финалдық турниріне жолдама алды. Рыбакинадан бөлек, Арина Соболенко (Беларусь), Ига Швентек (Польша) және Кори Гауфф (АҚШ) та WTA финалдық турниріне жолдама алды. Тағы төрт қатысушы кейін анықталады. Жарыс қазан айында Чехияда немесе Сауд Арабиясында өтеді деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу