Юлия Путинцева екінші рет WTA титулын жеңіп алды

1147

Венгрия астанасынан қазақстандық Юлия Путинцеваның Будапештегі турнир финалында украиналық Ангелина Калининаны 6:4, 6:0 есебімен жеңгені туралы жағымды жаңалық жетті, - деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.  

Юлия Путинцева екінші рет WTA титулын жеңіп алды

26 жастағы Путинцева 1 сағат 10 минут ішінде бір эйс орындады. Доп беруде үш рет қателесті және бес мәрте брейк-пойнтты жүзеге асырды. Ал 24 жастағы Калинина допты 1 рет қиыс жіберіп, бір қосарлы қателікке жол берді және бір брейк жасады. Жеке кездесулердегі есеп Юлияның пайдасында - 2:0. Путинцева жеңіске жеткені үшін 280 рейтингтік ұпай және 29 мың доллар жүлде алады.

"Бірінші кезекте Қазақстан теннис федерациясына зор алғыс білдіргім келеді. Әрдайым қолдау көрсететін федерацияның бары қандай керемет! Екі күн демалып, Токиоға ұзақ жол тартамын. Олимпиадада басқаша төсеніш болады. Оңай болмайтыны анық. Бірақ мен кез - келген жағдайға дайынмын және өз елім үшін Олимпиада медалін жеңіп алуға тырысамын", - деді Путинцева өз сөзінде.

Ал бүгін әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) рейтингтерінің жаңартылған нұсқасы шықты. Аустралиялық Эшли Барти бұрынғысынша көш бастап тұр. Жапониялық Наоми Осака екінші сатыға, беларуссиялық теннисші Арина Соболенко 3-сатыға жайғасты. Қазақстандық теннисшілерден Елена Рыбакина 20-шы орында келеді. Юлия Путинцева Будапештегі жеңісінен кейін бірден жеті сатыға көтеріліп, 35-орынға тұрақтады.

Естеріңізге сала кетейік, Юлия WTA аясындағы алғашқы титулын 2019 жылы немістің Нюрнбергінде жеңіп алған. Ол 24-шілдеде Токио Олимпиадасының жекелей сынында бақ сынайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу