Юлия Путинцева: "Финалда жүз пайыз барымды салуға тырысамын"

1034

Astana Open турниріндегі финалдық кездесуде Юлия Путинцева бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен бас жүлдені сарапқа салады.

Юлия Путинцева: "Финалда жүз пайыз барымды салуға тырысамын"

Әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Astana Open WTA 250 турнирінің финалына шықты. Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Путинцева жартылай финалда әлемнің 86-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен өзара мықтыны анықтады. Петерсон осы жарыста тағы бір қазақстандық теннисші Зарина Диясты жеңген болатын. Бұл жолы бірінші сетте Юлияның басымдылығы айқын байқалды және 6:2 есебімен аяқталды. Қазақстандық теннисші екінші сетте де 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейктен кейін есеп 4:1 болды. Допты ойынға қосу барысында Петерсон брейк жасап, есепті қысқартты – 3:5. Дегенмен қазақстандық теннисші матчты жеңіспен аяқтады - 6:4.

WTA сериялы турнирлерінің финалына бесінші мәрте шыққан Юлия Путинцева матчтан кейін Петерсон жайлы және алдағы ойын туралы өз пікірімен бөлісті.

"Шын мәнінде, Петерсон өте байсалды ойыншы. Мен әрқашан оның жақсы ойнайтынын және допты ойынға тамаша қосатынын айтып жүрмін. Аз уақыт ішінде төрт рет ойнадық. Бірнеше тер бірге жаттықтық. Сондықтан оның ойынына дайын болдым. Ребекканың соққыларын болжай алдым. Сондықтан матч менің пайдама аяқталды.

Ван Эйтванкқа келер болсақ, біз төрт рет кездестік. Тіпті жасөспірім кезімізде ойнағанымыз есімде. Оң жақпен соққысы жойқын. Допты ойынға қосуы да тамаша.  Кездесу қиын болары анық. Бірақ менің ең басты міндетім, жүз пайыз барымды салу. Содан кейін не боларын көре жатармыз. Бұл теннис. Алдын ала не болатынын ешқашан білмейсің. Өз елімдегі бірінші турнирде финалға шыққаным сондай керемет. Әрине, жеңіске жеткім келеді", - деді Путинцева.

Astana Open  турнирінің финалистері Путинцев мен Эйтванктың жеке кездесулерінің жалпы есебі  қазақстандық спортшының пайдасына 4:0 есебімен аяқталған.  Соңғы рет теннисшілер 2021 жылы Australian Open турнирінде сынға түскен еді.

Astana Open WTA 250 турнирінің финалдық матчы бүгін Ұлттық теннис орталығының орталық алаңында өтеді және Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 14:30 басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу