Негізгі кезеңде 32 теннисші өнер көрсетуде. Іріктеу кезеңі 27–28 қыркүйекте өтті. Жекелей және жұптық сындағы финалдық ойындар 5 қазанға жоспарланған.
Турнирге әлемдік теннис жұлдыздары – Ива Йович, Татьяна Мария, Сузан Ламенс, Александра Эала, Юлия Путинцева, Виктория Голубич, Лючия Бронцетти және Полина Кудерметова бар. Барлығы әлемдік рейтингтің үздік жүздігіне кіретін спортшыларды қоса алғанда, шамамен 80 теннисші қатысып жатыр.
Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева аталмыш жарыста соңғы бір айдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, турнидің екінші кезеңіне жолдама алды.
Әлемдік рейтингте 63-орында тұрған қазақстандық теннисші алғашқы ойында француз Диан Парриді (WTA №101) жеңді. Кездесу 2 сағат 19 минутқа созылып, 6:1, 6:7, 6:1 есебімен Путинцева пайдасына аяқталды.
Ойын барысында Юлия төрт геймді жіберіп алып, алайда тоғыз брейк жасай алды. Бірінші сетте сенімді жеңіске жеткеннен кейін Путинцева екінші сетте 3:1 есебімен алға шықты. Бірақ, қарсыласына қатарынан төрт гейм беріп қойып, тай-брейкте жеңіліп қалды. Шешуші партияда қазақстандық теннисші қайта үстемдік танытып, жеңісті өз еншісіне жазды.
Соңғы рет Путинцева 25 тамызда АҚШ-та өткен US Open–2025 жарысында жеңіске жеткен еді. Одан кейін ол қатарынан үш рет жеңіліп, соның ішінде Қазақстан құрамасы сапында Билли Джин Кинг кубогында өткен матчта да ұтылған.
1/8 финалда Путинцева украиналық Юлия Стародубцеваға (№86) немесе венгриялық Далма Галфиге (№97) қарсы ойнайды.