1/64 финалда WTA рейтингінде 47-орында тұрған қазақстандық теннисші үш сетте әлемнің 243-ші ракеткасы Настасья-Мариана Шункті 4:6, 6:3, 6:1 есебімен ұтты. Матч 1 сағат 58 минутқа созылды. Қазақстандық теннисшінің келесі қарсыласы турнирді екінші айналымнан бастайтын чехиялық Маркета Вондроушова болмақ. Қазір 22 жастағы Вондроушова WTA рейтингінде 33-орында.1/32 финал 25-наурыз күні өтеді.
Сондай-ақ Майамиде өтіп жатқан турнирде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да өнер көрсетеді. Ол жарысты екінші айналымнан бастайды.
Ал тәжірибелі қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Майамидегі турнирдің іріктеу финалында екі сетте жапониялық 18 жастағы Шинтаро Мотизукиді 7:6 (8:6), 6:2 есебімен ұтты.
Кездесу 1 сағат 52 минутқа созылды. Михаил бір эйс, қос қателік пен бір рет брейк жасады. Бұл қарсыластардың алғашқы бетпе-бет кездесуі болды. Miami Open турнирінің бірінші айналымында Михаил Кукушкин (АТР рейтингінде №159) Голландиядан келген әлемнің 42-ші ракеткасы Ботик Ван де Зандшульппен 24-наурыз күні кездеседі. Біздің теннисшіміз бұған дейін Ботикті 2019 жылы Дэвис кубогының топтық кезеңінің финалында 6:2, 6:2 есебімен ұтқан болатын.
Өкінішке қарай, тағы бір қазақстандық теннисші Дмитрий Попко беделді жарыстың негізгі кезеңіне өте алмады. Ол іріктеудің финалында америкалық Джеффри Джон Вольфтан жеңіліп қалды – 4:6, 4:6.
Ермұхамед Мәулен