Юлия Путинцева Словениядағы турнирдің ширек финалына өтті

1086

Қазақстандық, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Порторож (Словения) WTA 250 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Юлия Путинцева Словениядағы турнирдің ширек финалына өтті

Доданың 2-ракеткасы болып тіркелген Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 171-орында тұрған ұлыбританиялық Кэти Бултермен кездесті. Қазақстандық теннисші бірінші партияда басымдылық көрсетті – 6:3. Екінші сетте де Путинцева 2:0 есебімен алға кетті. Содан кейін есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры тағы бір брейкпен бітірді – 6:1. 1 сағат 12 минутқа созылған матч барысында қазақстандық теннисші 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы бір ғана брейкті қанағат тұтты. Ю.Путинцева жүлде қоры 190 мың АҚШ долларына жуықтайтын жарыстың жартылай финалына шығу үшін рейтингте 167-сатыдағы италиялық Лючия Бронцеттимен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 90-ракеткасы, америкалық Бернарда Пераны 2:6, 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Сонымен қатар Люксембургте өтіп жатқан  WTA 250 турнирінде сәтті бастаған Зарина Дияс бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де Токио Олимпиадасының чемпионы - швейцариялық Белинда Бенчичпен ойнайды. 1/8 финалда Заринаны алғашқы айналыммен салыстырғанда әлдеқайда қиын сынақ күтіп тұр. Ол әлемнің 12-ші ракеткасымен және турнирдегі бірінші  нөмірлі ойыншы 24 жастағы Бенчичпен ойнайды. Осы жылдың жазында Токио Олимпиадасының алтын жүлдегері атанған Белинда жартылай финалда қазақстандық Елена Рыбакинаны - 7: 6 (2), 4: 6, 6: 3 есебімен жеңіп кеткен еді.

Бенчич рейтингінің жоғары болуына байланысты Люксембургтегі турнирді  бірден 1/8 финалдан бастайды. Бұл Зарина мен Белинда арасындағы төртінші кездесу болады. Жалпы алғанда, Белинданың бабы тамаша. Бенчич жекелей сында алтыннан бөлек олимпиадада жұптық жарыста күміс медальді жеңіп алған болатын.

Люксембургтегі турнирде швейцариялық теннисші басты фаворит болып саналады. Көптеген жанкүйерлердің Заринаның жетістігіне сенуі екіталай. Бірақ, корт біркелкі, ойында екі спортшы өзара мықтыны анықтау үшін сынға түседі. Сондықтан спортта жеңімпазды алдын ала анықтау мүмкін емес. Айта кетейік, осы турнирден кейін Зарина Қазақстанға келіп, WTA 250 сериялы Astana Open турниріне қатысады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу