Юлия Путинцеваның Уимблдондағы жорығы аяқталды

460

Қазақстанның екінші, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің ширек финалынан тыс қалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Юлия Путинцеваның Уимблдондағы жорығы аяқталды Фото: @yulia_putintseva

Ол төртінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гаррос турнирінің чемпионы, латвиялық Елена Остапенкоға тап келді.

Қарсыластар осыған дейін төрт рет кездесіп, екі-екіден жеңіске жеткен еді.

Бірінші партияда латвиялық теннисші 5:0 есебімен алға кетті. Путинцева есепті сәл қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 2:6. Остапенко екінші сетте қарқынын бәсеңдетпеді – 6:3.

Бір сағат 8 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Остапенко 3 эйс, 5 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, поляк қызы Ига Швентекті ұтқан Ю.Путинцева жеңісті жолын жалғастыра алмады. Дегенмен оның спорттық жолында алғаш рет Уимблдонның төртінші айналымына дейін жетуін табыс деп бағалауға болады.

Жасөспірім теннисшілерді қоспағанда, Уимблдонда Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды. Ол ширек финалда украиналық Элина Свитолинамен шеберлік байқасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу