ЮНЕСКО мойындаған қазақ жеріндегі ғажайып мекен

99

Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі еліміздегі ең ірі ұлттық парк саналады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ЮНЕСКО мойындаған қазақ жеріндегі ғажайып мекен Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Табиғатының көркемдігімен, биологиялық алуан түрлілігімен және халықаралық деңгейдегі мәртебесімен ерекшеленетін бұл аумақ 2001 жылдың 17 шілдесінде құрылған.

Катонқарағай Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия шекаралары түйісетін аймақта, Алтай тауларының баурайында орналасқан. Мұнда қарлы шыңдар, мәңгілік мұздықтар, қалың самырсын ормандары, мөлдір көлдер, сарқырамалар мен альпілік шалғындар бір-бірімен үйлесім тауып, ерекше табиғи ландшафт қалыптастырған.

Ұлттық парктің жалпы аумағы 643 мың гектардан асады. Ол Алтай-Саян таулы жүйесінің құрамына кіреді және Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) тарапынан жаһандық экологиялық маңызы бар өңір ретінде танылған.

Катонқарағай тек табиғатымен ғана емес, туристік мүмкіндіктерімен де тартымды. Парк аумағында жалпы ұзындығы 680 шақырым болатын 14 туристік бағыт пен экосоқпақ бар. Бұл бағыттар арқылы келушілер өңірдің бірегей табиғатын жақыннан тамашалай алады.

Халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған ұлттық парк 2014 жылы ЮНЕСКО-ның "Адам және биосфера" бағдарламасы аясында Әлемдік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді. Ал 2017 жылы бұл аумақ "Үлкен Алтай" трансшекаралық биосфералық резерватының құрамына ресми түрде қосылды.

Катонқарағай өңірінде Қаракөл, Шабанбай және Қаумыш көлдері, Көккөл мен Арасан сарқырамалары, Берел қорғандары, Марқакөлге апаратын тарихи Австрия жолы және Алтайдың ең биік шыңы саналатын Мұзтау секілді табиғи әрі тарихи нысандар орналасқан.

Ұлттық парктің жануарлар дүниесі де ерекше бай. Мұнда сүтқоректілердің 67, құстардың 301, балықтардың 17 түрі тіршілік етеді. Олардың қатарында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қар барысы, Алтай арқары, тассусар, сабаншы және сирек кездесетін құстардың ондаған түрі бар.

Флорасы да алуан түрлі. Парк аумағының шамамен 40 пайызын орман алып жатыр. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің мыңнан астам түрі өседі. Олардың 30-дан астамы Қазақстанның және Халықаралық табиғатты қорғау одағының сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар өсімдіктер тізіміне енгізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу