Юрий Ильин: Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз

1628

Бір тәулікте қар құрсауынан 700-дей адам құтқарылды. 

Юрий Ильин: Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин қолайсыз ауа райына байланысты тас жолдарда орын алған жағдайларға тоқталды.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің алты өңірінде төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы құрылып, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, тәулік бойы жұмыс істеудеміз. Бүгінгі күні 95 тас жолы жабылды. Оның 61-і республикалық маңызы бар жол. Әсіресе, өткен түн өте қарбалас болды. Ескертулерге қарамастан, өте көп көлік жолға шығып кетті. Ең қиын жағдай Щучинск қаласы мен Нұр-Сұлтан арасында орын алды. Бүгінгі күні Ішкі істер министрлігі мен "Қазавтожол" компаниясы, жергілікті атқарушы билік күшімен 140-тан астам көлік Аққөл қаласына апарылды. Көліктерде 160 адам мен 40 бала болды. Олар әкімшілік көмегімен орналастырылып, тәулік бойы ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде",- деді Юрий Ильин.

Ішкі істер министрінің орынбасары еліміздің басқа өңірлерінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

"Қазір іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда бір тәулікте 700-дей адам құтқарылды. Құтқару жұмыстарына бір жарым мыңдай техника жұмылдырылды. Қар қалың басып қалған жерлерден адамдарды шығару үшін қорғаныс министрлігінің шынжыр табанды техникасын алуға келісіп отырмыз. Айта кетерлігі, әлі де бір тәулік жағдай күрделі болып қала береді. Елдімекендердің сыртына шығудан бас тартуға кеңес беремін", - деді ол.

 Сонымен қатар ол төтенше жағдайға байланысты  ІІМ барлығын бақылауда ұстап отырғанын айтты.

"Қазавтожол" ұлттық компаниясының көмегімен жақын арада республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды тазартамыз. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Қар құрсауында қалып, үсіп қалу намесе қаза табу жағдайы тіркелген жоқ", - деді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу