3 мамыр күні біздің құрама 29 ойыншыдан тұратын кеңейтілген құрамда Ригаға аттанып, онда әлемдік біріншілікке дайындықты жалғастырады. 8 және 9 мамырда Латвиямен бақылау матчтары өтеді. 10 мамыр күні ұлттық команда Хельсинкиге жетеді. Алғашқы матчын Қазақстан құрамасы 14 мамыр күні Дания командасына қарсы өткізеді. Турнирге қатысатын хоккейшілер тізіміне 25 хоккейші – 22 ойыншы мен үш қақпашы кіреді.
Осы орайда Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Михайлис ҚХФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында алдағы оқу-жаттығу жиынына арналған жоспарлары туралы айтты.
- Біз Әлем чемпионатына қатысатын ойыншыларды жинадық. Айта кетерлігі, қазір Данияр, Нұрғалиев, Рахманов, Полохов, Румянцев Қазақстан чемпионатына қатысып жатыр. Сонымен қатар Акользин мен Диц ойнайтын ҚХЛ чемпионатының аяқталуын күтіп отырмыз. Олардың маусымды аяқтап, ұлттық құрамаға қосылуын күтеміз. Сведберг, Волк және Блэкер команда сапына Ригада қосылады. Осылайша мықты құрама жасақтадық.
– Қазақстан чемпионатын қадағалап жүрсіз бе?
– Иә, "Сарыарқа" – "Номад" сериясының матчтарын көрдім. Қарағандыға да бардым. Ойындар жақсы өтті. Ұлттық құрама сапында болатын хоккейшілеріміз мықты көрінді.
– Барлығының негізгі құрамда ойнауға мүмкіндігі бар ма?
– Әрине, жігіттер барын салуда. Барлығы өзіндерін көрсеткісі келеді. Әрқайсының негізгі құрамда ойнауға мүмкіндігі бар.
- Қақпашыларға қатысты шешімді Алексей Николаевич Шиминмен бірлесе отырып қабылдайсыз ба?
– Иә, қазірдің өзінде бірлесіп шешім қабылдаймыз.
- Өткен чемпионатта басты қақпашы Никита Бояркин болды. Ал осы маусымда оның ойын тәжірибесі жеткілікті ме?
– Ол "Номад" сапында ойнап, жақсы тәжірибе алды.
- Бірақ Сергей Кудрявцев ең көп матч өткізді емес пе?
- Иә. Бірақ бізде Румянцев та бар. Ол екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионатының үздік қақпашысы атанды. Сондықтан оны да қарастыратын боламыз.
- Жасөспірімдер құрамасының матчтарын тамашаладыңыз ба, арасында көзге түскендері бар ма?
- Маған Логвиннің ойыны ұнады. Ең бастысы ол гол соғады, мақсаты айқын жас хоккейші. Келесі чемпионатқа жастарды тартамыз деп ойлаймын.
Ермұхамед Мәулен