Юрий Щукин құраманы өзгертпеді

1975

Теннистен Қазақстан ерлер құрамасының жаңа капитаны Юрий Щукин Дэвис Кубогінің іріктеу ойындарында, яғни Нидерландыға қарсы өтетін кездесуде құрамадағы тәжірибелі теннисшілерге сенім артып отыр.

Юрий Щукин құраманы өзгертпеді

Теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис Кубогінің финалына жолдама алу үшін 6-7 наурыз күндері Нұр-Сұлтан қаласында Нидерланды құрамасына қарсы кездесу өткізеді. Естеріңізге сала кетсек, былтыр ерлерден құралған екі команда да іріктеу арқылы финалға өтіп, бір топқа түскен еді. Ол кезде қазақстандықтар Михаил Кукушкиннің арқасында 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Сол қараша айында өткен Мадридтегі кездесуден кейін Қазақстан құрамасының капитаны өзгерді. Және нидерландиялықтармен кездесу Юрий Щукин үшін капитан ретінде өткізетін алғашқы ойын болады.

Сейсенбі, 3-наурыз күні ойын алдындағы баспасөз-конференциясында Щукин қараша айындағы құрамның бұл жолы да өзгермейтіні жайлы айтты. "Командадағы спортшылар сол бұрынғыдай қала бермек. Оқу-жаттығу жиындарында біз қосымша Денис Евсеев, Тимур Хабибулин және Григорий Ломакинді алғанбыз. Бірақ, жастардың команда қатарына қосылулары үшін өздерінің жеке рейтингін көтеріп, әр түрлі сайыстарда мықты өнер көрсетулері қажет. Олар осы аталғандардың барлығына қол жеткізбейінше, біз оларды командаға ала алмаймыз", - деді Щукин.  

Іріктеудің шарты қарапайым. Командалардың бірі үш жеңіске жетуі керек. Капитанның айтуы бойынша команданың негізі болып табылатын Михаил Кукушкин, Александр Бублик және Александр Недовесовтер ойынға дайын.

"Біз барлық нұсқаларды қарастырудамыз. Өткен кездесуде жіберген қателіктерді қарап, сараптап жатырмыз. Жігіттердің барлығы дайын. Ертерек келдік. Оқу-жаттығу жиындары өте жақсы өтті, - деді Щукин. – Спортшылардың жағдайына қарай бір-бірімен алмастырып отыруға болады. Ойын түстен кейін басталады. Миша да, Саша да бірінші ойнауға дайын. Бірінші рет кортқа шығып тұрған жоқ. Жеңіске жеткіміз келеді. Біз үшін өте маңызды кездесу. Себебі бұл Мадридке іріктеу болып табылады, - деп қоса кетті.

Ал Нидерланды құрамасының капитаны Пол Хаархайс Қазақстан құрамасын тек жеңіп қана қоймай, үш айналымда да жеңісті қолдан бермейміз деп отыр. "Алғашқы үш ойынды қатарынан ұтқымыз келеді. Біздің команда да Мадридтегі құраммен ойнайтын болады. Бірақ, біз қазір ол кездегімен салыстырғанда тәжірибемізді арттырдық", - деді Хаархайс. - Иә, Қазақстан бізді Мадридте ұтқан болатын. Бірақ, қазір күшімізді ұтымды пайдалануға тырысамыз. Дегенмен, бұл оңайға соқпайды деп ойлаймын. Қазақстанның фаворит екені айқын.  Қарсыластарымыздың жекелей өнер көрсету бойынша рейтингі де бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан жеңіске жету үшін өте жақсы ойнау керек", - деді Нидерланды құрамасының капитаны.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан – Нидерланды кездесуінің жеңімпазы күзде Мадридте өтетін Дэвис Кубогінің финалына қатысады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу