Енді екеуі қалды

1859

Екеуінің жолына төрт көзіміз түгел жанкүйер болатынымыз анық. Кімнің соңғы айналымға өтуге мүмкіндігі көп?

Енді екеуі қалды

Сонымен тағы бір айналымды қорытындыласақ болады. Конференция лигасының 3-ші айналымына жолдама алған командалар жайлы сөз қозғайық. Жарысқа 4 командамыз қатысқанымен, 2 айналымнан кейін тек 2 ғана қалды. Оның бірі Қостанай қаласының "Тобылы" мен Петропавл қаласының "Қызылжары". Әр жыл сайын топтық кезеңде бір қазақстандық клубты көріп үйреніп қалған әдетіміз бойынша тағы да сеніммен қараймыз. "Тобылдың" үшінші айналымға шығуы заңды құбылыс болса, "Қызылжарымыз" нағыз сенсацияның көкесін көрсетті. Ендеше солардың қарсыласы туралы талқыласақ.

Кипр елінің белді клубы АПОЭЛ тәжірибиесі толысқан мықты команда. Ол осыған дейін екінші айналымда Болгарияның "Ботев" деген командасын жеңді. Сырт алаңда 0:0 ойнаған соң, өз алаңында 2:0 жеңіпті. Жалпы Қазақстандық жанкүйерлер кипрлік ұжымды жақсы таниды. Бұл команда талай рет біздің командаларға қарсылас атанған. "Астана Аренада" 4 рет кездесу өткізгенін айтсақ та жетіп қалар. Бұл жолы да олар құтты мекен "Аренаға" келе жатыр. Себебі "Қызылжар" өз алаңындағы матчтарын "Қарасай" стадионында өткізе алмайды. Өйткені жергілікті стаждион УЕФА лицензиясынан өтпеген. Талаптарға сай емес.

Теке тірестің фавориті АПОЭЛ екені айдан анық. Алайда "Осиекті" де біз бір бас жоғары қарсылас деп едік қой. "Қызылжар" сенсацияның дәмін сезінген команда. Бас бапкері Әли Әлиев тағы бір қитұрқы тактика ойлап жатпасына кім кепіл? Сондықтан да, "Қызылжарға" соңына дейін сенеміз. Оның үстіне алғашқы матч 4 тамыз күні жат жерде өтеді. Ал жауапты ойын 11 тамыз күні "Қызылжардың" жанкүйерлерінің қолдауымен, "Астана Аренада" ойналады.  

"Тобылдың" қарсыласы "Зрински" Мостар командасы да осал емес. Боснияның чемпионы жарысты негізі "Тобыл" секілді чемпиондар лигасынан бастаған тұғын. Молдованың даңқты клубы "Шерифке" 1 доп айырмасысмен есе жіберген соң олар Конференция лигасына келді. Мұнда Албанияның "Тирана" деген командасымен ойнады. Сыртта да, өз алаңында да жеңіске жетіп, тура "Тобылдың" жолын қайталады. Енді міне, екеунің жолы бір-бірімен түйісіп отыр. Бұл командалардың бір-бірімен кездесетін жөні бар. Өйткені бұлар Конференция лигасының "Чемпиондар жолы" деп аталатын себетінде жүргендер. Бірінші матч Боснияда өтсе, екінші ойынның Қостанай қаласында өтетіні тіпті ыңғайлы болып тұр. Демек "Тобылдың" келесі айналымға шығып кететін керемет мүмкіндігі бар деген сөз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу