2024/25 Еуропа лигасының жалпы кезеңінің жетінші туры аясында Түркияның "Бешикташ" пен Испанияның "Атлетик Бильбао" командалары кездесті. Матч Стамбул қаласындағы "Түпраш" стадионында өтіп, 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.
Жеңімпаз команда сапынан Милот Рашика екі гол (17-ші және 60-шы минуттар), екі нәтижелі пас берген Рафаэль Сильва (78-ші) және пенальтиді орындаған Джоау Марио (92+) бір-бір голдан соқты. "Атлетик Бильбаодан" Унаи Гомес (45-ші) қана көзге түсті.
"Бешикташтың" қазақстандық жартылай қорғаушысы Бахтиёр Зайнутдинов ойынның 69-минутында қосалқы құрамнан алаңға шыққанымен, гол соға алмады. Бұл "Бешикташтың" Еуропа лигасындағы үшінші жеңісі. Зайнутдиновтың командасы 9 ұпай жинап, турнир кестесінде 18-орынға көтерілді. "Атлетик" (16) екінші орында қалды.
Айта кетейік, желтоқсан айында екі айлық үзілістен кейін қазақстандық футболшы Түркия чемпионатында "Хатайспорға" қарсы өткен матчта екінші таймда алаңға шықты. Бұл оның жарақаттан кейінгі алғашқы ойыны болды. Соңғы матчтарда Бахтиёр Зайнутдинов "Бешикташ" құрамында ойынға қайта оралуда. Бұған дейін 11 қаңтарда ол Түркия Кубогында "Бодрумспорға" қарсы өткен ойында негізгі құрамда алаңға шығып, толық 90 минут ойнады. Бұл кездесуде "Бешикташ" 1:0 есебімен жеңіске жетті.