Мәскеулік ЦСКА футбол клубы өзінің ресми сайтында Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдиновпен ресми келісім-шарт жасағаны жайлы хабарлады. Сондай-ақ Transfermarkt-тің ақпаратына сүйенер болсақ, трансфер құны 2 миллион еуроға бағаланып, ЦСКА Зайнутдинов үшін "Ростовқа" аталған сомманы төлеген.
22-жасар футболшы медициналық тексеруден сәтті өтті. ЦСКА мен Зайнутдинов арасындағы келісім-шарт 2024/2025 жылғы маусым соңына дейін жасалған. Мәскеулік клуб сапында Бахтиер енді 19 нөмірмен өнер көрсететін болады. ЦСКА тарихында Зайнутдинов үшінші қазақстандық ойыншы ретінде тіркелді. Сонымен қатар биылдан бастап Ресей чемпионатындағы қазақстандық ойыншылар легионер болып саналмайды.
Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов Мәскеулік ЦСКА-ға ресми түрде ауысқаннан кейін жанкүйерлер мен "Ростовтың" барлық қызметкерлеріне алғысын білдірді. Футбол клубы мен Ростов қаласы оның жүрегінде мәңгі қалатынын ерекше атап өтті.
"Құрметті жанкүйерлер! Тамаша қолдау көрсеткендеріңіз үшін Сіздерге көп рахмет! Мен "Ростовта" екі жылдай уақыт өткізгеніме қуаныштымын. Маған сенім білдірген әрбір жанкүйерге алғысым шексіз! Басшылыққа, бас жаттықтырушыға, медицина қызметкерлеріне, ойыншыларға, әкімшілік пен база қызметкерлеріне рахмет.
"Ростов" маған отбасымдай болып кетті. Мен мұнда өзімді үйдегідей сезіндім және бақытты шақтарымды өткіздім. Футбол болғаннан кейін кейде қоштасуға тура келеді. Жанкүйерлерге рахмет айтамын! Мен сіздермен қоштаспаймын, тек "көріскенше" деп айтамын. Өйткені "Ростов" менің жүрегімде мәңгі қалады! Садовая көшесі, үйеңкі орындығы, Ростов қаласы, Ростов-Дон!" - деп жазды Зайнутдинов Instagram парақшасында.
Естеріңізге сала кетсек, Зайнутдинов 2019-жылдың қаңтарында "Астана" клубынан "Ростовқа" ауысқан болатын. Осы маусымда ол "Ростов" үшін 4 матчқа қатысып үлгерді. Ал, өткен маусымда 17 матчқа қатысып, 4 гол соғып, 2 нәтижелі паспен көзге түскен.
Ермұхмед Мәулен