Зайнутдинов "Ростовтың" үздік ойыншылары қатарына енді

1868

Қазақ футболшысы Ресей футболында жемісті өнер көрсетуде.

Зайнутдинов "Ростовтың" үздік ойыншылары қатарына енді

Таяуда мәресіне жеткен Ресей Премьер-лигасының қорытындысы бойынша Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов үздік бес ойыншы қатарына енді. Тараз футболының түлегі спорттық мансабын 19 жасында "Тараз" сапынан бастап, 2017-жылғы маусым қорытындысы бойынша "Премьер-лиганың үздік жас ойыншысы" атағын иеленді. Сол жылы 25 қарашада "Астана" футбол клубына ауысып, үш жылға келісім-шарт жасаған. 2018 жылы "Астанамен" бірге Қазақстан Суперкубогін жеңіп алды.  Елордалық команданың "Ертіске" қарсы өткен кездесуінде хет-трик жасап, 20 жасар футболшы Қазақстан чемпионының негізгі құрамына алынды. 2018-жылы ол 27 кездесу өткізіп, 5 гол соққан. 2019-жылы 12-қаңтар күні Зайнутдинов Ресейдің "Ростов" футбол клубына ауысты.  Ол "Ростов" сапында 17 матч өткізіп, төрт гол соққан. Қыркүйек айында "Динамо" қақпасына гол соғып, ойын 3:0 есебімен аяқталған болатын. Ал желтоқсанда "Ростовтың" "Спартакқа" қарсы ойынында дубль жасап, қарсыластарын 4:1 есебімен ұтты. Таяуда "Зенит" қақпасына бір гол соқты.
Сонымен қатар "Ростов" сапында 25 матч өткізіп, 11 гол соққан өзбекстандық форвард Эльдор Шомуродов осы маусымда үздік нәтиже көрсеткен. 19 кездесуде Алексей Ионов 6 мәрте көзге түсті. Финляндиялық Роман Еременко мен болгар футболшысы Ивелин Попов бес голдан соққан. Топ-6 футболшы қатарында 26 ойында төрт гол авторы атанған Хорен Байрамян да бар.

Жалпы "Ростов" 2019-2020 футбол маусымының қорытындысы бойынша Ресей Премьер Лигасының турнирлік кестесінде 5-орынға ие болды және Еуропа Лигасына жолдама алды. Бахтиер төрт голдан бөлек екі нәтижелі пас шығарған және төрт рет сары қағаз алған.

Ресей Премьер Лигасының жаңа маусымы тамыз айында басталады. Осыған орай Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысының агенті Евгений Новиков таяуда Sport 24 басылымына берген сұхбатында Зайнутдиновтың "Ростовпен" жасалған келісім-шартты ұзартатынын және шекараның ашылғанын күтіп отырғанын айтқан болатын.

Ермұхамед Мәулен

 
 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу