Зайнутдиновтың соққан голы Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады

1228

Қазақстан құрамасы жолдастық кездесу аясында Тәжікстан құрамасын қабылдады. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Зайнутдиновтың соққан голы Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады

Ойынның 12-минутында Тәжікстан құрамасының қақпашысы Шохрух Киргизбоевтың қателігінен кейін Бақтиер Зайнутдинов ашық қақпаны дәл көздеп, есеп ашты. Жігіттер бұл голды жақында ғана дүние есігін ашқан Асхат Тағыбергеннің қызына арнады. 30-минутта Зайнутдинов есепті еселейтін мүмкіндікке ие болған еді. Бірақ оның тепкен добы қақпа бағанынан кері серпілді.

Екінші тайм алма-кезек шабуылдарға толы болды. 60-минутта Тәжікстан қақпасының маңында Зайнутдиновқа қарсы ойын тәртібі бұзылып еді. Бірақ кездесудің бас төрешісі пенальти белгілемеді. Нәтижесінде Талғат Байсуфинов шәкірттері 1:0 есебімен жеңіске жетіп, 2021 жылды сәтті аяқтады.

Матч аяқталғаннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Тәжікстанға қарсы өткен жолдастық кездесуге (1:0) қатысты пікір білдірді.

"Ең алдымен баршаңызды жеңіспен құттықтаймын! Біз мұны бір жыл бойы күттік. Бірінші кезекте, бұл жеңіс біздің адал жанкүйерлерімізге арналады, бұл үшін жігіттерге үлкен рахмет айтамын. Франциямен болған сол ойыннан кейін (0:8) олар аяққа тұрып, бүгін жеңіске жетті", – деді Талғат Байсуфинов.

Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген де матчқа қатысты пікір білдірді. Асхат бұл матчта ұлттық құраманы капитан ретінде бастап шықты.

"Біз бұл ойынға ризамыз деп есептемеймін. Біріншіден, жанкүйерлерден Франциямен болған матч (0:8) үшін және бүгінгі ойын үшін кешірім сұраймын. Біз қателіктерімізді талдаймыз. Чемпионаттың аяқталғанын ескерсек, жігіттердің бәрі шаршады. Менің ойымша, бұл соңғы нәтижелерге әсер етті, біздің бұған көңіліміз толмайды. Бірақ қарсыласты да құрметтеу керек, оларда жақсы ойыншылар жетерлік екен. Енді жаңа күшпен келесі жылға дайындалатын боламыз", – деді Асхат Тағыберген.

Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы соңғы жолдастық кездесуін жеңіспен аяқтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу