Зайсан-Өскемен бағытында күнделікті жолаушы тасымалдайтын автобус табылмай отыр

4926

Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданының тұрғындары ауданнан Өскеменге жету үшін апталап автобус күтуде. Себебі көлік күнделікті жүрмейді екен. Жолаушылар шарасыздықтан таксиге отыруға мәжбүр. Оның бағасы кемі 7-8 мың теңге.

Зайсан-Өскемен бағытында күнделікті жолаушы тасымалдайтын автобус табылмай отыр

Зайсан ауданы облыс орталығына 450 шақырым жерде орналасқан. Көршілес Қытай елімен шекаралас жатыр. Жуықта аталған ауданның тұрғындары хабарласып, жолаушылар тасымалының қолайсыздығын айтып шағымданған болатын. 

– Зайсаннан Өскеменге жете алмай жүрміз. Автобус күн аралатып жүретіндіктен, ертеңге билет ала алмадым. Жолаушы көп. Шарасыз таксимен кетеміз. Жолақы удай, 7-8 мың теңге, кейде 10 000 мың теңгеге дейін барады. Қалтамыз көтермейді. Шекара шебінде отырамыз, қатынасымыздың қолайы болғанын қалаймыз, – дейді жолаушы Айгүл Болатбекқызы. 

Такси жүргізушілері бағаның шарықтауына жолдың тозғаны мен сайманның қымбаттауын көлденең тартуда. 

– Қазір бензин де, машинаның бөлшектері де қымбаттап кетті. Жол жаман, жөндеп әлі біткен жоқ. Көлігіміз күнде сынады. Шарасыз бағаны көтереміз. Бұл да біздің күнкөріс көзіміз, – дейді такси жүргізушісі Ерлан Аханов. 

Айта кетейік, қазіргі таңда Зайсан-Өскемен бағытындағы автобус күн аралатып жүріп отыр. Өйткені автобус саны жеткіліксіз.

Ал аудан әкімдігі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында 12 шілдеден бастап Зайсан – Өскемен, Өскемен – Зайсан бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайтын автобус күнделікті жүретінін жазған. 

– Ағымдағы жылдың 12 шілдесінен бастап Зайсан – Өскемен, Өскемен – Зайсан бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайтын автобус күнделікті жүретін болады. Зайсаннан сағат 19.00-де, Өскеменнен сағат 18.30-да шығады. Билет бағасы – 3 900 теңге, – деп жазды Зайсан ауданы әкімдігі.

Алайда аудандағы автобекетке хабарласып едік, әзірге күнделікті тасымалдайтын автобус жоқ екенін айтып отыр.

– Негізі Зайсан – Өскемен бағытында автобус күнделікті жүріп отыруы керек, – деді автобекет қызметкері.

– Алайда тасымалдаушы жеке кәсіпкердің жеті автобусынан екеуі ғана қалды. Сол себепті күн аралатып тасымалдауға мәжбүрміз. Ал аудан әкімдігі ақпарат жариялап қойғанымен, нақты тасымалдаушы табылған жоқ. Автобусы бар жеке кәсіпкерлер бұл бағаға келіспей отыр. Қазір жолаушылар көп. Әкімдік "әне-міне" деп әлі келеді, – дейді автобекеттегілер. 

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәселенің 1-2 күнде шешім табатынын айтты.

– Аталған мәселемен толық хабардармыз. Тасымалдаушы "Керуен Шығыс" ЖШС мен келісімге отырдық. Бірақ тасымалдаушы жақ техникалық қиындықтарға байланысты талабымызды орындай алмай жатыр. 1-2 күнде бұл мәселе шешіледі. Автобустың бағасы 3 900 теңге болады. Күнделікті қатынайды. Жолаушылардың жүріс-тұрысына қолайлы болу үшін, Зайсан ауданының автобус қатынасына тағы бір рейс қосылды, – дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қуаныш Акірамов. 

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу