Мұнай "Азнефть" өндірістік бірлестігінің теңіз астындағы құбырынан аққан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Әзербайжан еліндегі Дюбенди жағалауына мұнайдың жайылу себебі анықталып, жедел түрде жойылып отыр.
АЗЕРТАДЖ мәліметінше, 19 маусым күні "Азнефть" өндірістік бірлестігінің тиісті қызметтеріне Дюбенди жағажайы маңында мұнай іздері байқалғаны туралы ақпарат түскен.
Бірінші тексеру барысында Пираллахы аралы мен Дюбенди кенті арасындағы теңіз аумағында кеме мен авиация көмегі арқылы мұнай дағы анықталған.
Бастапқы кезеңде мұнай жайылған жер бірден байқалмай, мамандар ластанудың бірнеше ықтимал себебін қарастырып көрген.
Кейінгі диагностикалық тексеру нәтижесінде мұнайдың теңіз астындағы "Азнефтьке" тиесілі құбырлардың бірінен шыққаны анықталған.
Апат көзі белгілі болғаннан соң осы бағыттағы мұнай тасымалы дереу тоқтатылып, салдарын жою үшін жедел штаб құрылған.
Сүңгуірлер жүргізген тексеру кезінде құбырдың зақымданғаны айқындалды. Алдын ала мәлімет бойынша, зақым сыртқы әсерден, яғни болжам бойынша кеме зәкірінен туындаған болуы мүмкін.
Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін зақымданған бөлік қолданыстан шығарылып, мұнайдың одан әрі ағуына жол берілмеген.
Қазіргі уақытта Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен "Азнефть" теңіз аумағы мен жағалау сызығын тазарту жұмыстарын жүргізуде.