Құрылтай депутаты Максим Рожин құқықбұзушылық фактілері орын алған жағдайда лауазымды тұлғалардың бейнесін олардың келісімінсіз жариялауға бола ма деген мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасында адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болатыны, жариялауға болатын жағдайларды нақтылау ұсынылады. Жалпы әлеуметтік желі мен дипфейк дамыған заманда бұл норма уақытылы әрі керек шығар. Бірақ, біздің ойымызша, бұл жерде жеке өмірді қорғау мен қоғамның заңбұзушылықтар туралы білу құқығы аясындағы теңгерімді сақтау маңызды. Осы жағдайда сыбайлас жемқорлық немесе өзге де құқықбұзушылық туралы нақты деректер болған жағдайда лауазымды тұлғаның бейнесін пайдалануға, олардың келісімінсіз жариялау мүмкіндігін айқындай отырып, ұсынылған редакцияны пысықтау ұсынылады", – деді депутат.
Максим Рожин құзырлы министрліктің осы теңгерімді ұсынысқа көзқарасы қандай деп сұрады.
"Әрине, егер қандай да бір лауазымды тұлға заңбұзушылықтың үстінде сіздің объективіңізге түсіп қалса, оның арнайы келісімін алудың өзі бір ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан бұл дұрыс деп есептейміз. Негізгі мақсат – қызмет барысындағы бейнежазу мен жеке отбасылық өміріндегі бейнежазудың аражігін ажыратып алу. Әр адамның өзінің жеке өмірі болады, оған қол сұғуға болмайды деген мәселе бар. Бұл Конституциялық талап екенін жақсы білесіздер. Ал енді қызмет барысында, белгілі бір ресми шаралардың немесе жиналыстың үстінде, былай алғанда Құрылтай қабырғасында болып жатқан шаралардың үстінде бейнетаспаға ілініп жатса, заңның концепциясында бұл көрсетілген, ешқандай да келісім алудың қажеті жоқ", – Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.
Айта кету керек, бұған дейін тұрмыстық және танымдық сипаттағы контентті реттеу аясынан шығару ұсынылғанын жазғанбыз.