"Заң шығарушылық бастамада депутаттарды Үкіметке бағындырып қоймақшы": Абзал Құспан заң жобасына шүйлікті

678

Ата Заңға сәйкес, заң шығару бастамасы құқығы Президентке, Парламент депутаттарына және Үкіметке тиесілі. 

"Заң шығарушылық бастамада депутаттарды Үкіметке бағындырып қоймақшы": Абзал Құспан заң жобасына шүйлікті Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Бұл заң жобасы – біздің Заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінде үлкен сынға ұшыраған. Не себепті? Бұл әдеттегі бір заңдарға қарама-қайшы келсе бір жөн, мұнда Конституцияның нормасы бұзылып отыр. Атап айтқанда, Конституциядағы 61-баптың бірінші тармағында заң шығару бастамасы Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі деп анық көрсетілген. Ал мына заң жобасындағы 17-бапты алып қарайтын болсақ, онда осы депутаттардың заң шығару бастамасын шектеу тікелей көзделген. Сонымен қатар, Президентіміздің "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" деген формуласына негізделген бастамасына да тікелей қайшы келіп отыр. Бұл бастамаға сәйкес, Үкімет Парламенттің алдында есеп беруі керек болатын болса, бұл жерде керісінше Парламент депутаттарын заң шығарушылық бастамада Үкіметке бағындырып қоймақшы", – деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Оның айтуынша, тиісті комитетте де бұл мәселе кеңінен талқыланған.

"Өзіміздің наразылығымызды білдірдік. Қалайша Конституция нормаларын бұза отырып, осындай заң жобасын бізге ұсынасыздар?", – деп қосты депутат.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу