Заңгер: Конституцияның ұсынылған жаңа редакциясында "Елбасы" термині алынып тасталды

6079

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, заңгер, Еркін Оңғарбаев Конституцияның жаңа редакциясына сәйкес Тұңғыш Президенттің мәртебесі қалай айқындалатынын түсіндірді.

Заңгер: Конституцияның ұсынылған жаңа редакциясында "Елбасы" термині алынып тасталды

Inbusiness.kz тілшісінің сұрағына жауап берген ол Контституцияның 46 және 91- бабындағы нақты қандай нормаларға өзгерістер енгізілетінін айтып берді.

"Конституцияның 91-бабын ашып көріңіз. Онда "Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді" деп жазылған. Қазіргіде солай тұр. Ендігі ұсынылған нормада: "Қазақстанның Негізін салушы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мәртебесі өзгермейді" делінген. Яғни не өзгерді? Конституцияның ұсынылған нормасында Елбасы термині алынып тасталды. Дегенмен "Қазақстанның Негізін салушы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мәртебесі өзгермейтіні" жазылған", - дейді Еркін Оңғарбаев.

Заңгердің айтуынша, "Елбасы" терминінің өзі заңнамалық емес, саяси сипатқа ие.

"Жұмыс тобы заңнамалық тұрғыда талдай келе мұндай норманы қолдану ыңғайсыз деп таныған болуы керек. Алайда Қазақстанның Негізін салушы мәртебесі өзгермейтінін қалдыруды жөн көрген", - дейді ол.

Заңгердің айтуынша, Конституциядан кейін осы өзгерістер басқа да заңнамалық акттерде көрініс береді.

"Алайда бұл келесі кезең. Қазіргі жұмыс реті қандай? Президент Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатты Конституциялық кеңеске жолдады. Конституциялық кеңес өз қорытындысын шығарады. Егер ол қорытынды оң болса, онда ол Парламент Мәжілісіне енгізіледі. Мәжіліс тиісті шешім қабылдағанша мұның заңды процедуралары осылайша Сенатқа жетеді. Осыдан кейін барып қана Президентке қол қоюға жолданады. Президент қол қойғаннан кейін ол заңды күшіне енеді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде Тұңғыш президенттің құқықтық мәртебесіне байланысты өзгерістер енгізіледі", - деді ол.

Еркін Оңғарбаевтан "Конституциядан Елбасының титулы туралы нормалардың бәрі алынып тастала ма" деп сұрағанбыз. "Иә" деді ол.

"Конституцияның 46-бабында "Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады" делінген. Шынында да, жұмыс тобы ұсынған жаңа редакцияда бұл норма алынып тасталды", - деді ол.

Заңгерден "яғни Тұңғыш президент пен оның туыстарының дербес құқықтары жойыла ма" деп сұрағанбыз. Алайда Еркін Оңғарбаев тым асықпау керектігін, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес айқындалатынын айтып өтті.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу