Үкімет қауіпсіздік талаптарын өрескел бұза отырып, әуедегі жоғары кернеулі электр беру желілерінің (ЖЭЖ) қорғау аймақтарында бой көтерген нысандарды жаппай сүретін болды. Бұл үшін мемлекеттің өкілеттігін айтарлықтай кеңейтуді көздеп отыр, деп жазды inbusiness.kz сайты.
Бұл түйткіл әлдеқашан жекелеген заң бұзушылықтар аясынан шығып, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне кері әсер ететін ауқымды мәселеге айналды. Соңғы онжылдықтарда Қазақстанның әр өңірінде жоғары кернеулі электр желілерінің санитарлық-қорғау және қауіпсіздік аймақтарына тым жақын орналасқан көппәтерлі тұрғын үй алаптары, коттеджд қалашықтары, балалардың ойын алаңдары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, жатақханалар және халық көп шоғырланатын өзге де нысандар бой көтерді.
Бүгінде бұл тек қала құрылысы талаптарын сақтау мәселесі ғана емес, мыңдаған азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін маңызды қауіпсіздік мәселесіне айналып кеткен.
Тоқ астындағы өмір: жоғары кернеулі желілер – ажал апаны ма?
Жоғары кернеулі электр желілерінің (ЖЭЖ) қорғау аймақтарында тұрғын үй салу – кез келген сәтте қайғылы салдарға әкелуі мүмкін, көзге көрінбейтін, бірақ аса қауіпті қатердің көзі.
Ғылыми және медициналық зерттеулер көрсеткендей, жоғары электр желілердің, әсіресе 110–220 кВ және одан жоғары кернеулі сымдардың электромагниттік өрісі әсер ететін аумақта ұзақ уақыт бойы болу адам ағзасына жағымсыз әсерін тигізіп, залалы жинақталуы мүмкін. Мұндай факторлардың ұзақ мерзімді ықпалы жүйке жүйесі мен жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметіне кері ықпал етіп, ұйқының бұзылуына, созылмалы сырқаттардың асқынуына және денсаулыққа қатысты өзге де тәуекелдердің артуына себеп болуы ықтимал.
Дәрігерлер тіпті қатерлі ісік ауруларының туындауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар, мамандар негізгі қауіп тек электромагниттік әсермен шектелмейтініне, нақты физикалық қатерлердің де аса маңызды екеніне назар аудартты.
"Қазақстанда кейбір құрылыс компаниялары, тіпті жекелеген азаматтар жоғары кернеулі электр желілерінің дәл астында үй салғанда, басын үлкен қатерге тігіп отырғанын толық түсіне бермейді.
110 кВ немесе 220 кВ кернеу кезінде электр желісіне тікелей жанаспай-ақ адамды тоқ соғуы ықтимал. Ауа ылғалдылығы жоғары болғанда немесе тұман кезінде электр тоғы ауа арқылы тарала береді. Биік сатыны немесе металл конструкцияны желіге жақын көтерсе жеткілікті, адамды тоқ соғады. Егер сым үзіліп, апат орын алса, немесе өрт шыққан жағдайда, мұндай нысандар арнайы техниканың қауіпсіз жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Құтқарушылар ол жерге жақындап бара алмайды ғой", – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Сәбит Сұлтанғазин.
Оның айтуынша, электр беру желілерінің астында немесе қорғау аймақтарына жақын жерде өмір сүру отбасының өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты тұрақты тәуекел тудырумен тең.
Энергетика саласының мамандары электр желілерінің астында және белгіленген қорғау аймақтарында құрылыс жүргізуге болмайтынын көп жылдан бері ескертіп-ақ келеді. Соған қарамастан, мұндай талаптардың сақталуына мемлекет тарапынан тиісті бақылау жасалмайды. Жекелеген жағдайларда әкімдіктер бұл аймақтарда құрылыс жүргізуге өздері рұқсат етеді екен. Ал орталықтағы жауапты органдар бақылау және алдын алу шараларын жете жүзеге асыра бермейді, салғырт қарайды.
Өңірлердегі заңсыздық: шенеуніктер қайда қарап отыр?
Мәселен, "Өңіраралықэнерго-транзит" ЖШС Қостанай облысындағы өз бетінше салынған көптеген заңсыз құрылыс фактілері туралы хабарлады. Оның мамандары жоғары кернеулі желілердің астына ғимараттар тұрғызу заңнаманы өрескел бұзатынын және адамдардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін нықтады. Алайда тыңдар құлақ таппай тұр.
"Соңғы жылдары қорғау аймақтарында, сондай-ақ электр беру желілерінің сымдары астында тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды, күрделі құрылыстарды, дуал-қоршауларды, автокөлік тұрақтарын, тіпті балалардың ойын алаңдарын салу оқиғалары жиілеп кетті. Қауіпті әсердің алдын алу үшін "Электр желілері объектілерінің қорғау аймақтарын белгілеу қағидалары" қолданылады. Ол электр беру желілерінің қорғау аймақтарының нақты шекараларын айқындайды. Нақтылағанда, 220 кВ желілер үшін – 25 метр, 110 кВ үшін – 20 метр, 35 кВ үшін – 15 метр жақын жерде ешқандай құрылыс салуға рұқсат етілмеуге тиіс. Бұл қашықтықтар ЖЭЖ-дің қауіпті әсерінен халықтың өмірін қорғауға, сондай-ақ энергетика инфрақұрылымының қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге арналған", – деді мамандары.
Осы қағидаларға сәйкес, электр желілерінің иесімен, яғни, энергетиктермен келісусіз құрылыс салуға, монтаждау, жер қазу және тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізуге, базарлар, қоймалар, автотұрақтар, капиталды құрылыстар, қоршаулар мен кез келген басқа нысандарды орналастыруға қатаң тыйым салынады.
Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар да қорғау аймақтарының шегінде құрылыс жүргізуге жол бермеуге міндетті. Алайда "Өңіраралықэнерго-транзит" ЖШС мамандарының мәліметінше, іс жүзінде жер учаскелерін бөлуде жиі бұзушылықтар орын алады. Ал, құрылыс басталмас бұрын электр желілік ұйымдардың келісімін алмайды.
Сарапшылар қысқаша тұйықталу кезінде, сым үзілгенде, 110 кВ желілер тек қысқа мерзімге өшетінін, 10–35 кВ ЖЭЖ кернеуі сақталып қала беретінін ескертті. Желінің жанындағы кез келген құрылыс конструкциялары, ғимараттар мен қоршаулар өткізгіш ретінде жұмыс істейді: тоқтың таралу радиусын 8 метрден ары ұзартты.
Ережелерді елемеу бұған дейін қайғылы оқиғаларға соқтырған еді: Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында балалар мерекесі кезінде 220 В желісіне қосылған көбік шашу генераторын пайдалану думанмен емес, баланың қазасымен аяқталды. Ақтау маңында КАМАЗ жүргізушісі кернеуі 10 кВ-тан асатын электр беру желісінің жанында метал сынықтарын түсіру кезінде мерт болды.
Оқшаулағыштың тозып, тесілуі, сымдардың құлауы, авариялық жағдайлардың туындауы және заңсыз салынған құрылыстардың астында жөндеу жұмыстарын жүргізудің мүмкін еместігі де халыққа ауыр қауіп-қатер төндіреді. Дәл осы себепті қорғау аймақтарының шегінде капиталды құрылыс салуға заңмен тыйым салынуы бекер емес.
Үкіметтің жаңа шешімі: аяусыз күресінге жіберіледі
Қордаланып қалған заңбұзушылықтарға жауап ретінде Үкімет заңнамалық реформаны іске қосуды жоспарлап отыр. Жаңа заңнамалық топтаманы қарап, қабылдау жаңа Парламентке – Құрылтайға жүктеледі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент аппаратына жолдаған хатында хабарлағандай, бүгінде жер учаскелерін бөлу, жобалау құжаттамасын келісу және құрылысқа рұқсат беру кезінде түрлі заңбұзушылықтар туындайды. Оларға ведомствоаралық өзара іс-қимылдың үйлесімсіздігі жол ашады. Бұл күрделі проблемалар шешілу орнына, бұрынғы күйде сақталып қалуда.
"Бүгінде жер учаскелерін өзге мекемелермен келіспей беру, сондай-ақ жобалық құжаттаманы келісу және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіздігі мәселесі бар. Бұған қоса күрделі құрылыс объектілерінің күзет аймақтары шегінде орналастырылуы сияқты жағдайлар байқалады. Бұл электр желілерін қауіпсіз пайдалануға байланысты талаптардың бұзылу қаупін тудырып, халық үшін қатер төндіреді", – деп түсіндірді Үкімет басшысы.
Жағдайды түбегейлі өзгерту үшін билік заңсыз құрылыстарды күресінге жіберу процедурасын жеңілдететін жаңа механизмді енгізетін болды.
"Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу ретінде энергетикалық инфрақұрылым объектілерінің күзет аймақтарының бірыңғай цифрлық тізілімін құру көзделуде. Ол жер және қала құрылысы кадастрларының мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне интеграцияланатын болады. Бұл жер учаскелерінің күзет аймақтарымен қиылысуын автоматтандырылған түрде тексеруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп сендірді Бектенов.
Үкіметтің жаңа заң жобасы шенеуніктер аппаратының жұмысын да қамтиды. Заңнамалық бастама аясында жер учаскелерін беру және рұқсат беру құжаттарын ресімдеу кезінде ведомствоаралық келісу рәсімдерін күшейту қарастырылған.
Сонымен қатар тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу және күзет аймақтары талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Осы шаралардың есебінен мемлекет жерді бей-берекет үлестіруді бұғаттауға ниетті.
"Бұған әкімшілік ықпал ету шаралары мен заңсыз салынған объектілерді бұзып сүру де кіреді. Аталған шараларды іске асыру қолданыстағы проблемаларды жоюға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және электр энергетикасы объектілерінің күзет аймақтарын пайдалану режимін бұзуды жоққа шығаруға бағытталған. Жалпы бұл мәселелер өзекті және Үкіметтің тұрақты бақылауында болады", – деп уәде етті Премьер.
Үкіметке ЖЭЖ қорғау аймақтарында орналасқан барлық нысандарға түгендеу жүргізу, энергетикалық инфрақұрылымның бірыңғай цифрлық реестрін құру және жаңа құрылыстарды бақылауды айтарлықтай қатаңдату жүктелді. Көптеген заңсыз нысандарды енді жалғыз меже –мәжбүрлі түрде бұзып, тегістеу күтіп тұрса керек.