Тасқыннан бүлінген тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 237 миллиард теңге қажет

531

Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Тасқыннан бүлінген тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 237 миллиард теңге қажет Фото: primeminister.kz

Үкіметтің су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берді:

– бүгінде 64 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралған;

– эвакуациялық пункттерде тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде;

– табиғат апаты кезінде жалпы 11 998 тұрғын үйді, 5 359 саяжай құрылысын су басқан;

– зардап шеккен өңірлерде 16 715 үй тексеруден өткенін айтты. Оның ішінде 15 464 нысанды бағалау жұмыстары аяқталған.

Бағалау нәтижесі бойынша 9 903 үйді жөндеуге болады, ал 6 875 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған.

Жарамсыз үйлердің орнына нарықтан 4 525 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ типтік жобамен 2 350 үй салу жоспарланып отыр:

– бүгінде нарықтан 1 814 пәтер мен үй сатып алу үшін келісімшарттар жасалған;

– зардап шеккен аймақтардағы 841 отбасы бұрынғы бұзылған үйлерінің орнына жаңа баспанаға қоныстанған;

– қазіргі уақытта 4 521 отбасы үйлерін жөндеу және қалпына келтіру мақсатында 57,4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алған. Жалпы, тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 237 миллиард теңге қажет;

Бірреттік төлемдерді төлеу үшін Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады:

– 2024 жылғы 6 маусымдағы жағдай бойынша 31 642 отбасы 100 АЕК мөлшерінде бірреттік төлемақы алған (барлығы 32 440 отбасыдан өтініш түсті). Оған жұмсалған қаржы сомасы 11 миллиард теңгеден асқан;

– бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай, Ұлытау облыстарында толық аяқталған. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында төлем беру жалғасып жатыр;

– бүлінген дүние-мүлікке жүргізілген бағалау ісі аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға ең қажетті заттар сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қосымша өтемақы төленеді (5 489 отбасы 4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алған);

– зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта өңірлік комиссиялар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 377 миллион теңге болатын 34 өтінімін қарап, мақұлдаған.

Мемлекет басшысы зардап шеккен тұрғын үйлерді бағалау, техникалық тексеру жүргізу ісін жеделдетуді, оларды салу мерзімі мен құрылыс сапасын бақылауға алуды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу