Зардап шеккендер назардан тыс қалмайды

2394

"Қолғанат Ақтөбе" қорына Халық банк 10 млн, МаңғыстауМұнайГаз 52 млн теңге аударды.

Зардап шеккендер назардан тыс қалмайды

Сәуір айындағы су тасқынынан Ақтөбе жұрты әлі ес жия алмай отыр. Табиғаттың тосын мінезіне тап болған адамдардың дені баспанасыз қалды. Атап көрсетерлігі су басқан аудандарда тұратын халықтың басым бөлігі өзге облыстардан көшіп келген. Көпшілігінің тұрақты жұмысы жоқ. Үйсіз қалған адамдардың ендігі үміті – қалалық әкімдіктің қолдауы ғана. Бүгінгі таңда тұрғындар шығындары есептелген құжаттарын тапсырып, әкімдіктен көмек алып жатыр.

Құжаты жоқ тұрғындарға көмек көрсетілмейді   

Ақтөбенің Елек және Жіңішке өзенінің жағасындағы УВД-4 саяжайындағы үйлердің басым бөлігі суға кетті. Баспанасыз қалғандардың қатарында  Мейрамбек Ерішев есімді азамат бар. Ол күні бүгінге дейін әкімдіктен ешқандай көмек алмаған.  

"Үйге бірінші мамырда келдім. Оған дейін төрт балам мен әйелім екеуіміз ағайын-туыстың үйін жағалап жүрдік. Дәл қазір үйіміз адам тұрғысыз қалыпта. Қалалық әкімдікке бардым, олар үйді суретке түсіріп, қажетті құжаттарды алып кел деді. Құжаттарымды жинап барсам, "дұрыс емес", – дейді. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығы мен әкімдіктің ортасында сандалып жүрмін. Қала әкімдігі көмек берсе, үйімді қайта жөндеп алар едім", – дейді Мейрамбек Ерішев.

Кейіпкеріміз Ырғыз ауданынан көшіп келген. Қазір күзетші болып жұмыс істейді.

Зейнеткер Балила Байқазақова да әкімдіктен берілетін көмекке қол жеткізе алмай жүр. Себебі оның да үйінің құжаттары дұрыс емес.

"Үйде екі немерем мен келінім бар. Ұлым сотталып кетті. Барлығы менің зейнетақыма қарап отыр. Осы үйде он жылдан бері тұрамын. Әу баста әкімдіктегілер үй салуға рұқсат берді. Рұқсат берген соң ғана құрылыс жүргіздік. Ал енді бізге біресе ана қағаз, біресе мына қағаз дұрыс емес деп отыр. Өткенде құлап, аяғымды сындырып алдым. Аяғым жазылған соң құжаттарымды реттеймін", – дейді зейнеткер.

Саяжай тұрғыны зейнеткер Әбдуали Кәрібаевтың айтуынша, мұндағылардың негізгі мәселесі  – көгілдір отын мен жарық. Саяжай тұрғындары қаланың іргесінде тұрса да от жағады. Ал жарықты жақын маңдағы зауыттан алады. "Үйімізде есептегіш құрал болмағандықтан жарықтың құны қымбат. Мәселен, қыс айында тұрғындар 50 мың теңге төлейді. Уақытында төлемеген тұрғындарға жарық берілмейді. Ал есептегіш құралды орнату туралы өтінішімізді құзырлы орындар назарға алмай отыр. Мәселемізді  айтып, бармаған жеріміз жоқ. Барлығы ат-тондарын ала қашады. Біз далада қалған халықпыз", – деп кейіді ақсақал.

Тұрсынгүл Ерубаеваның Урожайный 101 "а" мекенжайындағы баспанасын су шайып кетіпті. Бұл туралы ол: "Пәтер жалдап жүргенімізге бір ай болды. Қалалық әкімдіктен келген комиссия мүшелері үйді қалпына келтіруге қанша құрылыс материалы қажет екенін есептеп шығарып, көмек көрсететіндерін айтты. Кейін маған 1 млн теңгенің сертификатын беретіндерін жеткізді. Бұл ақшаға қалай үй саламын? Қираған үйді 10 жылда әрең тұрғызған едім. Бүгінге дейін облыс әкімінен басқаның бәріне бардым. Маған үй салатын құрылыс материалдары керек. Бұған дейін мұндай жағдайды басымыздан өткерген емеспіз. Биыл бір күнде үйімізді су алып, далада қалдық", – деді Тұрсынгүл Ерубаева.

Қазір ол айына 40 мың теңге беріп, пәтер жалдап отыр. Үш баласы бар. Қызы ауырады. Өзі жұмыс істемейді.

Қорға 124 млн теңгеден астам қаржы жиналды

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін "Қолғанат Ақтөбе" қоры құрылды. Бүгінге дейін оған 124 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Осы ақшадан табиғи апатпен бетпе-бет келгендерге көмек көрсетіліп жатыр.

"Су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың ешқайсысы назарымыздан тыс қалмайды. Барлығына заң аясында қолдау көрсетеміз. Арнайы құрылған комиссия зардап шеккен әр отбасының шығынын мұқият тексеріп, нақты шешім қабылдады", – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Ал қала әкімі Ілияс Испанов әртүрлі көмектің арқасында 10 отбасы баспаналы болғанын айтты. 5 адамға баспананы әкімдік берсе, қалған адамдарға демеушілер қол ұшын созыпты.

"Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, әр ауданнан шыққан азаматтар зардап шеккендерге мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатыр. Бүгінгі күні тасқыннан зардап шеккен 65 отбасыға жер учаскесі және олардың әрқайсысына құрылыс материалдарын сатып алуға 1 млн теңге берілді. Қаржы "Қолғанат Ақтөбе" қорынан бөлінді. Бұдан бөлек қор арқылы 362 азаматқа әртүрлі көмек көрсетілді. Тұрғындар арасында 100 мың теңгеден артық ақша берілмейді деген пікір айтылып жатыр. Бәрі шығынға байланысты. Қолда бар қаржыны барлығына жеткізуіміз керек. Әлі 300-ден астам адам көмекке зәру. Комиссия бәрін қарап жатыр. Қаржыны үнемдеп жұмсау керек, бәріне жеткізу оңай емес", – дейді Ілияс Испанов.

Айта кетейік, Халық банк су тасқынынан зардап шеккендер үшін "Қолғанат" қорына 10 млн теңге аударған. Ал "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы 52 млн теңге қаржы бөлген.

Кәсіпкерлер көмек көрсетіп жатыр

Облысқа белгілі кәсіпкер Бақытжан Ержанов баспанасы суға кеткен бірінші топтағы мүгек Ерболат Жәмиевтің отбасына екі бөлмелі пәтер берді. Ерболат Жәмиевтің отбасы қаладағы "Госветсеть" бау-бақша ұжымындағы шағын баспанада алты  баласымен тұрған. Тасқын кезінде үйі су астында қалған.

"Қазақта: "Бар болсаң, еліңе пайдаң тисін" деген нақыл сөз бар. Облысымызда осындай қиын жағдай орын алып, тұрғындар зардап шегіп жатқанда алаңсыз отыруды жөн көрмедім. Қолымнан келгенше көмек көрсеткім келді. Облыс әкімінің өзі мұқтаж жандарға көмек көрсету туралы бастама көтеріп жатқанда тіпті сырт қала алмадым", – деді кәсіпкер Бақытжан Ержанов.

Естеріңізге сала кетейік,  тасқынынан Ақтөбеде 867 үй суға кетіп, оның 86-сы мүлде жарамсыз болып қалған.  

Әлия Рүстем

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу