Қарағандының биылғы көктемі талайдың жүрегіне жара салды. Адамдар табиғи апат кезінде жақындарынан, баспаналарынан, дүние-мүліктерінен айырылды.
Зардап шеккен жанның бірі Қарқаралы ауданына қарасты Ынталы ауылының тұрғыны Зейнегүл Оразалинова. Бұл отбасының үйі 2015 жылы да су астында қалған. Алғашқы жылы бұзылған үйді қалпына келтіруге болады деген шешім қабылдаған мамандар 300 мың теңге ұсыныпты. Сол кездің өзінде қабырғалары жарыла бастаған үйге күрделі жөндеу жүргізуге үй иелерінің ақшасы жетпепті.
"Биыл үйімізді тағы да су басты. Судың көп болғаны соншалық еденнің бетіне шықты. Қазір үйіміз құлайын деп тұр. Үйдің екінші жақ басындағы көршілеріміз кетіп қалды. Біз қайда барарымызды білмей отырмыз. Үйіміздің жағдайын көзбен көрген мамандар қолымызға 147 мың теңге ұстатып кетті. Бұл ақшаны қайда жеткіземіз? Өзім де, күйеуім де жұмыссызбыз. Үш сиырымыз бар. Оны сатсақ та үйімізді жөндей алмаймыз", – деп мұң шақты
Зейнегүл Оразалинова.
2015 жылы Зейнегүлдің көршісіне мемлекет өз есебінен үй салып берген. Осыны алға тартқан ауыл тұрғыны: "мемлекет бізге де үй салып берсе деген үмітпен өмір сүріп отырмыз", – деді.
Айта кетейік, Қарағанды облысында су тасқынынан бүлінген дүние мүліктер мен үй жайларға техникалық зерттеу жасау жұмысы аяқталды. Қорытындысында қалпына келтіру жұмысына облыстық бюджеттен 160 млн теңге бөлінетін болды.
"Шығындарға бөлінетін 160 млн теңгенің 148,6 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, 12 млн теңге қаражат аудандық бюджеттерден беріледі. Тасқын судан көбінесе Бұхар жырау ауданы зардап шеккен. Мұндағы 123 адамның өтініші бойынша 112 млн теңгеден астам қаржы өтемақы ретінде төленеді. Абай ауданында екі адамның үйіне су кірді. Үй иелеріне көмек ретінде 575 мың теңге берілді. Ал қалған аудандар бойынша бағалаушы мамандар шығын құнын 5 млн теңгеден 19 млн теңгеге дейінгі аралықта бағалады", – деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.
Естеріңізде болса, Қарағанды облысы бойынша көктемгі су тасқынында Абай, Шет, Қарқаралы, Бұқар жырау, Нұра аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы облыс бойынша 140 үй мен 274 үй ауласын су басты. Сонымен қатар автокөлік жолдарының 52 бөлігі мен темір жолдың үш участкесі қар суының астында қалды.
Қазіргі таңда қайырымдылық қорына 19 млн теңге қаражат жиналғаны белгілі болып отыр. Оның 6 млн теңгесіне азық түлік пен тұрмысқа қажетті құралдар сатып алынған. Қалған сомма зардап шеккендерге үлестірілмекші.
Қарағанды облысы осыдан екі жыл бұрынғы су тасқынында ел бойынша ең көп зардап шеккен аймақ болған еді. Сол кезде 2107 отбасы шығынға батып, 400 баспана тұруға жарамсыз болып қалған. Құлаған үйлердің орнына бюджет есебінен жаңа үйлер салынған болатын.
Биыл Қарағанды облысында су тасқынының салдарынан құлаған үй болмағандықтан, жаңа үй салынбайтын болды.
Арайлым Еркебаева