Парижде үлкен теннистен "Ролан Гаррос" турнирі енді қыза түсті. "Үлкен дулыға" құрамына енетін Францияның ашық чемпионатына біздің теннисшілерде қатысып жатыр. Биыл мұнда бес теннисшіміз бақ сынау құқығына ие болған. Өкінішке қарай, төртеуі жеңілістің кермек дәмін татып үлгерді.
Қыздар арасында Юлия Путинцева бірінші айналымда швед қызы Рэбекке Петерсоннан ұтылса (3:6, 5:7). Елена Рыбакина чех аруы Катержина Синяковаға есе жіберіп алды (6:7, 1:6). Ал ерлер арасындағы жекелей сында Михаил Кукушкин словак Мартин Клижаннан аса алмады (6:3, 7:5, 4:6, 2:6, 3:6). Сөйтіп үшеуі де бірінші кездесулерінде сүрінді.
Ал Александр Бублик ерлер арасындағы бірінші айналымда неміс теннисшісі Рудольф Меллекерден басым түсті – 7:5, 6:7, 6:1, 7:6. Бұл матч 2 сағат 37 минутқа созылды. 21 жастағы Бублик ATP рейтингінде 91-ші орында тұрса, 18 жастағы Меллекер 173-ші орынды иемденіп тұр. Бублик енді Аустрия спортшысы Доминик Тиммен кездеседі.
Зарина Диас болса, әйелдер арасындағы бірінші айналымда Франция аруы Одри Альбиді екі сетте тізе бүктірді – 6:2, 6:2. Матч бір сағат минутта аяқталды. 25 жастағы Зарина дәл қазір WTA рейтингінде 99-шы орынды иемденіп тұр. Ал бір жас қана кіші Одри 289-шы орынға орналасқан. Иә, жолы болып, осалдау қарсылас тап болды.
Бүгін Зарина 22 жастағы Ресей қызы Вероника Кудерметовамен додаға түсті. Татарстан хоккейшісі Эдуард Кудерметовтің қызы қазір WTA рейтингінде 68-ші орында тұр. Бірінші айналымда әйгілі дат қызы Каролина Возняцкиді ұтып кеткен болатын (0:6, 6:3, 6:3). Спорттық бабына келген екен, бүгін біздің Заринадан да бір сағат 17 минуттың ішінде басым түсті.
Негізі, Зарина құмдауыт төсенішті алаңда көп ойнамайды. Доп жылдам ұшатын төсенішті алаңдарда ойнағанды ұнатады. Әйтсе де, биыл жүлде қоры 42,66 миллион еуро "Ролан Гаррос" турнирінің екінші сатысына дейін жетті. Вероника Кудерметовадан бірінші сетте 5:7 есебімен ұтылып қалды. Екіншісінде, өзегін өртеген өкініштен арыла алмай, 1:6 есебімен есе жіберіп қойды.
Маруан Түсіп