Зарина Дияс Аустралия ашық біріншілігінің үшінші айналымына шықты

2210

Қазақстандық Зарина Дияс Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Зарина Дияс Аустралия ашық біріншілігінің үшінші айналымына шықты

Дүниежүзілік рейтингте 83-орында тұрған З.Дияс екінші айналымда әлемнің 66-ракеткасы, америкалық Бернарда Перамен кездесті. Өткен жылы АҚШ ашық чемпионатында қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:7 (4:7), 0:6 есебімен ұтылып қалған болатын. Бірінші партия барысында З.Дияс әлденеше рет брейк-пойнттарын пайдалана алмады. Дегенмен тоғызыншы геймде дегеніне жетті – 5:4. Сосын сетке доп бергенде, есесін жіберген жоқ – 6:4. Екінші сетте америкалық теннисші брейкпен алға шықты – 2:0. Ақыры ол осы басымдылығын сақтап қалды – 6:3. Бұл партияда да Заринаның алты бірдей брейк-пойнты болды. Үшінші, шешуші сетте де Б.Пера брейк жасай алды – 2:1. Дегенмен алтыншы геймде З.Дияс таразы басын теңестірді – 3:3. Содан кейін тағы бір брейкпен есепті 5:3-ке жеткізді. Сосын матчболын мүлт жіберген жоқ – 6:3. Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 4 минутқа созылды.

Осылайша Зарина 2020 жылы кеткен есесін қайтарды. Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, "Үлкен дулыға" турнирінің екі дүркін жеңімпазы, испаниялық Гарбинье Мугуруса немесе рейтингте 130-сатыдағы ресейлік Людмила Самсонованың біреуімен кортқа шығады.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин жұптық сында литвалық Риакрдас Беранкиспен бірге Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты. Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық-литвалық жұп бастапқы кездесуін осы "Үлкен дулыға" турнирінде 11-ракетка болып тіркелген фин Хенри Континен – франциялық Эдуард Роже-Вассленмен өткізді. М.Кукушкин мен Р.Беранкис екі партияда қос бірдей брейк жасап, 7:5, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бәсеке 1 сағат 37 минутқа созылды.

Қазақстандық-литвалық жұп екінші айналымда аустралиялықтар Джеймс Дакворт – Марк Полманс немесе сербиялық Никола Качич – даниялық Фредерик Нильсен жұптарының жеңімпаздарымен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу