Зарина Дияс Джорджиядағы турнирдің финалында америкалық теннисшіге есе жіберді

1194

АҚШ-тағы турнирдің финалына дейін жеткен Зарина Дияс WTA рейтингінде бірден төрт саты жоғары көтерілді.

Зарина Дияс Джорджиядағы турнирдің финалында америкалық теннисшіге есе жіберді

Джорджия штатының Майкон қаласында өткен, жүлде қоры 80 000 АҚШ долларын құрайтын ITF сериялы турнирінде, жекелей сында қазақстандық Зарина Дияс америкалық Мэдисон Бренглды жеңе алмады. Кездесудің алғашқы кезеңінде америкалық 3:1 есебімен басымдыққа ие болды. Дегенмен алтыншы геймде қазақстандық брейк жасап, есепті теңестірді (3-3). Есеп 5:4 болған кезде Зарина үш брейк-пойнтқа ие болды. Бірақ америкалық қайта серпіліп, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда бірінші партиядағы жағдай қайталанды. Зарина алтыншы геймде есепті теңестірді – 3:3. Тоғызыншы геймде ол екінші мүмкіндігінен брейк жасап, 6:4 есебімен америкалық теннисшіні жеңді.

Үшінші шешуші сетте Бренгл 3:2 есебімен алға шықты. Бірақ 10 минуттан астам уақытқа созылған сегізінші геймде Зарина допты ойынға қосу барысында жоғалған ұпайын қайтарып алды. Бұл жетістікке шабыттанған қазақстандық теннисші қарсыласына қысым көрсетуі керек еді. Бірақ олай болмады. Мэдисон қайтадан брейк-пойнт жасап матчты аяқтады. Қорытынды есеп 6:4, 4:6, 6:4. Осылайша бұл титул АҚШ-та қалды.

Дегенмен финалда жеңіске жете алмағанымен, осы турнирден кейін жекелей сында Зарина Дияс WTA рейтингінде бірден төрт саты жоғары көтеріліп, 100-орынға жайғасты. Ал жұптық сайыстар бойынша қазақстандық теннисші 181-орында келеді.

Ал St.Petersburg Open ATP 250 турниріне қатысып жатқан қазақстандық теннисші Дмитрий Попко іріктеудің финалына шықты.

Әлемдік рейтингте 163-орында тұрған Попко тартысты кездесуде әлемнің 63-ші ракеткасы француз Бенджамин Бонциді 4:6, 7:6 (7:4), 6:2 есебімен ұтты. Бұл текетіресте Дмитрий бірінші сетте ұтылғанына қарамастан, жеңіске деген керемет ерік-жігерін көрсетті. Екінші сетте тай-брейкте француздан 1:4 есебімен жеңіліп тұрып, бірақ кейін қатарынан алты ұпай жинап, жеңісті жұлып әкетті. Ал үшінші сетте қарсыласына жеңіске деген еш мүмкіндік қалдырмады. Іріктеудің финалында Попко финляндиялық Эмиль Руусувуориге қарсы кортқа шығады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу