Зарина Дияс финалда

1044

Турнирдің жүлде қоры 80 000 АҚШ долларын құрайды.

Зарина Дияс финалда

Әлемнің 104-ракеткасы қазақстандық Зарина Дияс АҚШ-тағы Джорджия ITF турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Осы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 94-орында тұрған бразилиялық Майя Хаддад Беатриспен шеберлік байқасты. Зарина Дияс 1 сағат 43 минутқа созылған матчта 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол финалда әлемнің 78-інші, осы доданың 1-ракеткасы, америкалық Мэдисон Бренглмен бас жүлдені сарапқа салады.

Сонымен қатар Қазақстанда да өтіп жатқан ITF сериялы турнирі мәресіне жетті. Бейбіт Жукаев жұптық сында елордада өткен ITF World Tennis Tour M25 сериясы бойынша халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.

Ақтау теннис мектебінің түлегі Бейбіт Жукаев ресейлік Андрей Кузнецовпен бірге үздік шықты. Б. Жукаев пен А. Кузнецов финалда Беларусь өкілі Иван Лютаревич – ресейлік Констан Кравчукты 7:6 (7:5), 6:4 есебімен тізе бүктірді. Бұл – Б. Жукаевтың ересектер арасында ITF деңгейіндегі алғашқы табысы. Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев жекелей сында финалға шыға алмады. Ол жартылай финалдық тартысты бәсекеде канадалық Филип Пеливоға жол берді – 6:7 (8.10), 7:5, 3:6.

Ал Қарағанды қаласында өтіп жатқан ITF Women 25 турнирінде әйелдер арасында Қазақстан чемпионы Камила Керімбаева өзін тамаша қырынан көрсетіп, Польшадан келген Мартина Кубокпен бірге жұптық сайыста финалға шықты. Оларды шешуші кездесуде сербиялық Тамара Курович пен эстониялық Елена Малыгина дуэті күтіп тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться