Зарина Дияс Miami Open турнирінде атақты Винус Уильямсты жеңді

1240

Қазақстандық Зарина Дияс Miami WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Зарина Дияс Miami Open турнирінде атақты Винус Уильямсты жеңді

Дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған Зарина Дияс мастерс додасының алғашқы айналымында әлемнің 79-ракеткасы, америкалық Винус Уильямспен кездесті. Теннис әлемінде апалы-сіңлілі Винус пен Серена Уильямстің есімі баршаға мәлім. Серена "Үлкен дулыға" турнирін 23 рет ұтса, оның апасы Винус та осал емес. Кезінде "Үлкен дулыға" турнирін он дүркін ұтып, рейтингте көш бастаған 40 жастағы В.Уильямс әлі күнге теннистен қол үзбей келеді. Бірінші партия барысында екі брейк жасаған Зарина Дияс алға кетті – 4:2. Содан кейін тағы бір брейк жасап, өз геймін ала білді – 6:2.

Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте В.Уильямс брейк жасай алды. Дегенмен Зарина қарымта қайырып, таразы басын теңестірді – 4:4. Сосын тағы бір брейкпен өзі алға шықты – 6:5. Бірақ тәжірибелі Уильямс те қалыспады – 6:6. Тартысты тай-брейкте Зарина жеңісті жұлып алды – 7:6 (12:10). Бәсеке 1 сағат 30 минутқа созылды. Енді қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 12-інші, осы доданың 11-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен шеберлік байқасады.

Сонымен қатар Александр Недовесов пен Андрей Голубев Хорватияда өтіп жатқан турнирде жұптық сында алғашқы айналымда жеңіске жетті. Қазақстандық спортшылар италиялық дуэт Марко Бортолотти/Алессандро Джаннессиден 6: 4, 6: 4 есебімен басым түсті. Кездесу 1 сағат 8 минутқа созылды. Андрей мен Александр алты брейк-пойнттың екеуін сәтті орындады. Ал Марко мен Алессандро екі рет қате жіберіп, қарсыластардың екі соққысын қайтара алмады.

Ширек финалдағы қазақстандықтардың қарсыластары - Томислав Бркич (Босния және Герцеговина)/Нино Сердарушич (Хорватия) және Вит Коприва (Чехия)/Николас Санчес (Испания) жұптары арасындағы жекпе-жекте анықталады.

Zadar Open - Задар қаласында (Хорватия) жергілікті Tenis klub Borik  спорт кешенінде өтетін кәсіби теннис турнирі. Жарыс ATP Challenger 80 сериясына жатады және жүлде қоры 44 820 еуроны құрайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу