Зарина Дияс: "Олимпиада жүлдесінен үмітім бар"

1728

Бүгін Токиода Зарина Дияс алғашқы айналымда Нұр-Сұлтан уақытымен 10:00-де Барбара Крейчиковаға қарсы кортқа шығады.

Зарина Дияс: "Олимпиада жүлдесінен үмітім бар"

Халықаралық теннис федерациясы қалған квоталарды қайта бөлуді нәтижесінде қазақстандық теннисші Зарина Дияс Олимпиада жолдамасына ие болды. Токиоға табан тіреген теннисші Олимпиадаға дайындығы жайлы мен жарыста жүлдеден үмітті екенін Қазақстан теннис федерациясына берген сұхбатында айтты.

- Токиоға екі күн бұрын ғана келдім. Жеті сағат бойы әуежайда болдым. Кәдімгідей шаршатты. Оның үстіне Амстердамнан жарыстан соң ұшып келген едім. 

- 2017 жылы Токиода өткен жарысты жеңіп алған едіңіз. Жапония сізге "жағады" деп айтуға бола ма?

- Иә, солай десе болады. Токионың атмосферасы ұнайды. Маған жағады. Бұл жаққа келгенде жақсы нәтиже көрсетемін.

- Олимпиада жолдамасын алғаныңыз туралы жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

- Әрине, өте қуандым. Өйткені басында рейтинг бойынша Олимпиадаға бара алмайтын едім. Жаңалықты естігенде қатты қуандым. Маған жігер бергендей болды. Көп теннисшілер Олимпиада бармайтын болғандықтан мүмкіндігім бар деп ойладым. 

Жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Швейцариядағы жарыста кішігірім жарақат алдым. Дегенмен алдағы демалыс күндеріне дейін жарақатым жазылады деп ойлаймын. 

- Олимпиада қалашығында спортшыларға қандай жағдай жасалған? Карантинге байланысты көп шектеулер бар дегендей...

- Біз бұған үйреніп қалдық. Олимпиада қалашығында бәрі керемет дей аламын. Тағамы жақсы, жаттығу залдары ыңғайлы. Токиода бәрі ұнайды. Тек ауа-райы ыстық демесеңіз.

- Олимпиадаға бәрі жүлде алуға келетіні анық. Кімді фаворит, кімді басты қарсылас санайсыз?

- Әрбір спортшының жүлде алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан кімнің фаворит екенін айта алмаймын. Өзім де жүлдеден үміттімін.

Ерлер теннисінде Қазақстанға жанкүйер болатыным сөзсіз. Олар қоржынға жүлде салады деген сенімім бар. Бұл тарихи жетістік болар еді.

- Токио теннис алаңдары таныс екенін айттыңыз. Дегенмен кордта дайындық бастап, үйреністіңіз бе?

- Бұрын қатысқан жарыстардан соң кордта өзгеріс болған. Жөндеу жұмысын жасапты. Доп қатты ұшады. Оған қоса, Жапонияға жазда келіп көрмеппін. Күздің өзінде ыстық еді. Дегенмен бұл барлық спортшылар үшін бірдей жағдай екені анық.

Айта кетейік, теннисшілерімізден Токио олимпиадасында Зарина Дияспен қатар бүгін Александр Бублик, Елена Рыбакина да сынға түседі.  Ал үстел теннисінен жерлесіміз Анастасия Лаврова Нұр-Сұлтан уақытымен 18:00-де Мария Сяоға қарсы өнер көрсетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу