Зарина Диястың неге жолы болмай жүр?

1177

Ол соңғы өткізген жеті кездесудің алтауында қарсыластарына жол берген.

Зарина Диястың неге жолы болмай жүр?

Карантин аяқталғаннан кейін қазақстандық теннисшілер шетелдік турнирлердегі жеңістерімен дүйім жұрттың назарын өздеріне аудартты. Мысалы Александр Бублик Ролан Гарроста сенсация жасап, Францияның бірінші ракеткасы Гаэль Монфилсті жеңді. Елена Рыбакинаны дәл осы турнирде Қазақстаннан шыққан жарық жұлдыз деп көрермендер таңдай қағып, жас теннисшінің ойынына тәнті болып жатты. Жерлестерінің жетістіктерімен салтыртырғанда Зарина Диястың жолы болмай жүр. Ол соңғы уақытта өткізген жеті кездесудің алтауында жеңілген.

Қазіргі уақытта Зарина Дияс жекелей өнер көрсету бойынша Әлемдік рейтингте 77-орында тұр. Соңғы уақытта, әсіресе пандемия басталғаннан бері, ол өзінің кездесулерінің басым бөлігінде жеңіліске ұшырады. Жыл басында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен WTA турнирінде ол әлемнің 58-ракеткасы Анна Блинкованы жеңіп, жарыстың 1/4 финалына дейін жетті. Матч тартысты өтті. Қазақстандық теннисші 6:1, 6:7 (9) 6: 4 есебімен жеңіске қол жеткізді.

Ширек финалда әлемнің 15-ракеткасы, Испания өкілі Гарбинье Мугурусамен кездесті. Бірінші сетте 4:6 есебімен жеңіліп қалған Зарина екінші сетте 6: 2 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші кезеңде жеңіліп қалды. Есеп 4:6.

Қытайдағы турнирден кейін ол сәтті өнер көрсетуін одан әрі жалғастырды. Сонымен, ол Аустралияның ашық чемпионаты Australian Open-де серияда екі рет жеңіске жетті.

Жыл басталысымен кездесулерді тек жеңіспен аяқтап жүрген Зарина келесі матчтарда бұл жетістіктерін қайталай алмады. Пандемияға байланысты тоқтатылған теннис маусымы қайта басталғаннан кейін қазақстандық теннисші қыз жеті кездесу өткізіп, оның алтауын сәтсіз аяқтаған.

Маусым қайта басталған соң  Зарина алдымен Нью-Йоркте (АҚШ) өткен Western & Southern Open турниріне қатысып, бірінші турда америкалық Энн Лиден 1: 6, 3: 6 есебімен ұтылды. Содан кейін ол АҚШ-тың ашық чемпионатында бақ сынады. Онда ол алғашқы кездесуде корт иесі Бернард Переге есе жіберді. Зарина өзінің қарсыласы, әлемнің 62-ракеткасына тек бірінші сетте қарсы тұра алғанымен (6:7), келесі ойында нөлге (0: 6) дейін ұтылды.

АҚШ-тағы кездесулері сәтсіз аяқталған соң қазақстандық теннисші бірден TEB BNP Paribas Istanbul Cup турниріне қатысу үшін Стамбулға аттанды. Ол жақта белоруссиялық Александра Сосновичке қарсы кортқа шықты. Алғашқы сетте Зарина 6:3 есебімен жеңіске жеткенімен, қалған екі кезеңде (5:7, 1:6) қарсыласы оны ұтып кетті.

Зарина қатысқан келесі жарыс Италияда өткен Internazionali BNL d'Italia турнирі болатын. Бірақ ол жақта ресейлік Анна Калинскаядан жеңіліс тапты. Есеп  5:7, 6:2, 3:6.

Францияның Страсбург қаласында өткен сайыста ғана қазақстандық теннисшінің жолы болды. Үш сағаттан аса уақытқа созылған тартысты матчта Зарина америкалық теннисші Кристина МакХейлді (6:7, 7:5, 7:6 7:3) жеңді. Ал WTA жарысының ұйымдастырушылары Заринаның соққысын жарыстың екінші күніндегі ең жойқын соққы деп таныды. Бірақ, қуаныш ұзаққа созыла қоймады. Сайыстың 2-күні 5:7, 3:6 есебімен қазақстандық теннисші жапониялық Нао Хибиноға ұтылып қалды.

Ғажайып Ролан Гарроста да болған жоқ. Ол жақта Дияс бірінші раундта Тунис өкілі Онс Джаберден 6: 4, 3: 6, 1: 6 есебімен жеңіліп қалды. Осы ойыннан кейін бір аптадан астам уақыт өтті. Ал Зарина әзірге кортқа шыққан жоқ.

Бұл нәтижелеріне Заринаның да көңілі толмайтыны сөзсіз. Таяуда ол өзінің Instagram парақшасында жазба жариялап, өмірде жеңіспен қатар жеңілістің де қатар жүретінін және қиындықтарға төтеп беру қажет екенін тілге тиек етті. Ал, жанкүйерлер теннисшінің кортқа қайта оралуын тағатсыздана күтуде және оның ойын өрнегі мен жеңісті қадамын қалпына келтіруін тіледі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу