Зейнеп Ахметова: Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ, қазақ болып қалу керек

Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейін басына орамал салмаған, басына орамал киді деген – некесі қиылды, әйел болды дегенмен бірдей.

Зейнеп Ахметова: Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ, қазақ болып қалу керек Фото: inbusiness.kz

Әйгілі Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова әсірешілдік, хиджаб киюге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Халықта сөз бар, тасып ала берсе, тау да таусылады". Осыны түсінбегендіктен, әсіре діншілдердің айтқанына еріп, қазақтың ата-бабасынан мұра болып келе жатқан нәрсесін бүркеншекке айналдырып жатыр. Әсіре діншілдеріміз, былай қарап тұрсаң бұлардікінің көбі қазір саясатқа қарай кетіп қалған", – деді Зейнеп Ахметова Алматы жұртшылығымен кездесу кезінде. 

Сонымен қатар жазушы хиджаб киюге қатысты пікір білдірді. 

"Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейін басына орамал салмаған, басына орамал тағу деген некесі қиылды, әйел болды дегенмен бірдей. Қазақтың қыздары киген кәмшат бөрік, моншақты сораба, шашақты қасаба, солар қыздарды қалай көріктендіреді?! Қазақтың қыздары шашының өзіне ерекше көңіл бөлген. Қолаң шаш, алтын шаш, сүмбіл шаш. Бұлардың барлығы қыздардың шашына берілген сын, сипат. Шашқа тағатын шашбаудың өзінде үлкен тәрбие бар. Қыз жүрсе, ол да сыңғыр-сыңғыр етіп, әдемі дыбыс шығарады екен. Енді ойлап қараңыз, осының барлығын мұсылман боламыз деп жерге көмеміз ба? Қанша тірлік, байлық, қаншама тарихи нәрселерді бір қара орамалдың астына көму керек пе? Тіпті санасыздық қой бұл", – дейді әйгілі  Бауыржан Момышұлының келіні.

Сөз соңын "Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ, қазақ болып қалу керек" деп түйіндеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу