Зейнетақы активінің 820 млн долларын шетелдіктер басқарып отыр

18152

Зейнетақы жинақтары тұрақты әрі оң инвестициялық табыстылыққа ие. 

Зейнетақы активінің 820 млн долларын шетелдіктер басқарып отыр

"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (БЖЗҚ) басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігіне қатысты мәлімдеме жасады. 

"2020 жылдың I тоқсанында инвестициялық табыс 662 млрд теңгені құрады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақы активі 8% өсім көрсетіп, 11,7 трлн теңгеге жетті. Инфляция деңгейі 6,4% болғанына қарамастан соңғы бір жылда инвестициялық табыстылық 11,87%-ды еңсерді. Көріп отырғандарыңыздай, табыстылық инфляция деңгейінен 5,47%-ға артық болды.  2013 жылдан бастап осы күнге дейін Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 30%-ға ұлғайып, 3,9 трлн теңгеден асты", – деді Жанат Құрманов.

Басқарма төрағасының түсіндіруінше, салымшылардың әр үшінші теңгесі инвестициялық табысқа айналған. 
Теңге бағамының құбылуы зейнетақы қорының портфеліне қалай әсер етті деген сұраққа Жанат Құрманов: "Зейнетақы активтері ұлттық және шетел валютасында сақталады. Наурызда доллар  381 теңгеден 448 теңгеге дейін өсті. Осы валютамен орналастырылған зейнетақы активі наурыз айында бірден оң нәтиже көрсетіп, 542 млрд теңгеге өсті. Сәуір айының алғашқы жартысында теңге күшейіп, 448-ден сатылған доллар 425-ке түсті. Осы кезде инвестициялық табыстылық 180 млрд теңгеге төмендеді. Алайда сәуір айының екінші жартысында инвестициялық табыстылық қайтадан өсті. Жыл басынан бергі 4 айдың нәтижесін қоысп есептейтін болсақ, мамыр айының басында инвестициялық табыс оң көрсеткішке ие болып, жарты трлн теңгеден асады. Зейнетақы активтерінің  ұзақмерзімге инвестицияланатынын назарға ала отырып, салымшыларға наурыз, сәуір айларындағы теңге бағамының құбылуына алаңдамау қажет екенін жеткізгіміз келеді. Себебі халықаралық тәжірибе бойынша инвестициялық табыстылық бір жылдан соң есептеледі", – деп жауап берді. 

Оның сөзінше, Ұлттық банк бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активтердің  сенімді басқарушы ретінде зейнетақы жинақтарының инвестициялық табыстылығын қамтамасыз етеді. 

"Зейнетақы жинақтары инфляция тәуекелінен де қорғалады. "Қазақсан Республикасының зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заңына сәйкес, мемлекет инфляцияны есепке ала отырып, зейнетақы жинақтарының толық сақталуына кепілдік береді. Салымшылар зейнетке шыққан кезде зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысы азайып қалса, мемлекет шығынды өтеп береді", – деді Жанат Құрманов.

Басқарма төрағасының баяндауынша, Ұлттық банк БЖЗҚ активтерінің бір бөлігін басқаруды шетелдік компанияларға беру тетігін жүзеге асырып отыр. 

"БЖЗҚ активтерінің 820 млн долларын басқаруға 4 шетелдік компания тартылды. 220 млн долларға ие болып отырған Aviva компаниясы зейнетақы жинағын сыртқы нарықта басқарудан қорға жақсы инвестициялық кіріс кіргізді. 1 сәуірдегі жағдай бойынша сыртқы басқарудағы зейнетақы жинағының инвестициялық табысы 3%-ды құрады" ,– деді Жанат Құрманов.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу